
ЕҢБЕК – ЫРЫСТЫҢ КӨЗІ, БАҚЫТТЫҢ КІЛТІ
Еңбек – адам өмірінің мәні. Тіршілікте бағы жанып, абыройы асқандардың барлығы да қажырлы еңбекпен биікке жеткен адамдар. Адам баласы еңбек ету арқылы ғана қоғамға пайдасын тигізіп, өзінің орнын табады. Еңбекқор адам ешқашан жамандық көрмейді. Еңбек еткен адамның өмірі мәнді де сәнді болады. Ол өз еңбегінің жемісін көріп, шаттыққа бөленеді. Оған Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподағы мен білім бөлімі бірлесіп өткізген «Адал адам - Адал еңбек - Адал табыс» атты іс-шарада көз жеткіздік.
Салтанатты жиынға аудан тұрғындары, аудандағы білім беру мекемелері мен ұйымдарының басшылары және бастауыш ұйым жетекшілері, ардагер ұстаздар және ауданның үздік жұмысшылары қатысты. Жиынның мақсаты – еңбек адамдарының абыройын арттыру, адал еңбек пен адал табыстың маңыздылығын көрсету арқылы білім беру ұйымдарында ұзақ жылдар үздіксіз еңбек етіп, қызметтік міндеттерін адал әрі мінсіз атқарып жүрген жұмысшы мамандық иелеріне құрмет көрсету болды.
Салтанатты шарада аудандық мәслихат төрағасы Ербол Абуталипов, аудандық білім бөлімінің басшысы Мұратбек Сванов, аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Айнұр Баймұратова сөз алып, еңбек адамдарына деген ыстық лебізін білдірді. Еліміздің өркендеуіне, ауданның дамуына өлшеусіз үлес қосқан еңбекшілердің еңбегін атап өтіп, оларға алғысын жеткізді.
Мерекелік іс-шарада аудан бойынша білім саласында еңбек етіп жүрген 100-ден аса жұмысшы мамандық иелеріне аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың, кәсіподақтың облыстық және аудандық ұйымының Алғыс хаттары мен естелік сыйлықтар табысталды.
Мерекелік жиында аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының жастар қанаты ұйымдастырған «Ер дәулеті - еңбек» тақырыбындағы видео және фотосуреттер байқауының нәтижесі жарияланды. Байқауға қатысушылар білім ұйымдарында қызмет істейтін жұмысшы мамандық иелерін, қарапайым еңбек адамдарын құрметтеу, дәріптеу мақсатында видео мен фото түсіруі керек болатын. Байқауға барлығы 21 видео мен 29 фотосурет түсіп, жеңімпаздарды марапаттау ерекше форматта өтті.
Іс шара аясында ел мүддесін бәрінен биік қоятын, ізінен ерген ұрпағына ұлылығын ұялатып, бір қауымға бас-көз бола білген білім саласының ардагерлері де ескерусіз қалған жоқ. Әсем әндер мен күйлер жиналғандардың көңілін көтеріп, шараға ерекше көрік берді. Жиын соңында қатысушылар бір-біріне алдағы жұмыстарына табыс тілеп, жақсы көңіл күймен тарқасты.
Жамбыл облыстық ұйымы
-
Фотографии
-