
ҮЗДІК ЖЕТЕКШІЛЕР МАРАПАТ БИІГІНЕН КӨРІНДІ
Ақтөбе облысында Мұғалжар аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының қолдауымен жалпы білім беретін пәндер бойынша 9-11 сынып оқушыларына арналған Республикалық пәндер олимпиадасының облыстық кезеңінің және Республикалық ғылыми жоба шығармашылық байқауының жеңімпаздарын марапаттау шарасы өтті.
Салтанатты басқосуға Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағанбетов, Мұғалжар аудандық білім бөлімінің басшысы Бахраман Аманжол және Мұғалжар аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Жұмагүл Жұмабаева қатысып, ұстаздарға алғыстарын білдірді. Қонақтар оқушылармен бірге ұстаздарды марапаттап, олардың оқу мен шығармашылық жолындағы жетістіктерін жоғары бағалады.
Шара барысында Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағанбетов сөз алып, білім саласының маңыздылығын және ауданның білім беру жүйесінің үнемі жетіліп, дамып келе жатқанын атап өтті. Ол оқушыларға қолдау көрсеткен ұстаздарға және ата-аналарға алғысын білдірді.
Салтанатты шарада аудандық кезеңде жоғары нәтиже көрсеткен командалық мектептер де марапатталды. Мұғалжар ауданындағы білім ошақтарының арасында үздік командалар танылып, олардың жетістіктері назардан тыс қалмады.
Командалық марапаттау рәсімінде мектептер ұжымының жетістіктері атап өтіліп, білім беру саласында үздік нәтиже көрсеткен мектептердің басшылары мен педагогтарына құрмет көрсетілді. Бұл мектептерді марапаттау – олардың білім мен тәрбие берудегі үлкен еңбектерінің нәтижесі екендігін көрсетеді.
Айта кетейік, марапатталған кәсіподақ мүшелеріне аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының атынан қаржылай сертификаттар мен алғыс хаттар табысталды.
-
Фотографии
-