
АҚТӨБЕДЕ АТҚАРУ КОМИТЕТІНІҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Атқару комитеті кеңесінің отырысы өтті. Отырысқа облыстық кәсіподақ төрағасы Раушан Серікова, аппарат мүшелері және атқару комитетінің мүшелері қатысты. Бұл басқосу кәсіподақтың жұмысын жандандыру мен жақсарту мақсатында маңызды мәселелерді талқылауға арналды. Күн тәртібінде бірнеше маңызды сұрақтар қарастырылды.
2024 жылы облыстық кәсіподақ ұйымы өз қызметін жандандырып, кәсіподақ мүшелігінің деңгейін арттыру және кәсіподақ органдарының жұмысын жүйелі түрде жетілдіру бағытында үлкен жұмыстар атқарды. Бұл жөнінде облыстық кәсіподақ ұйымының маманы Айжарық Серімбетов өз баяндамасында тоқталып өтті. Облыстық кәсіподақ ұйымы өз жұмысында кәсіподақ органдарының тиімділігін арттыруға көп көңіл бөлді.
2024 жылы облыстық кәсіподақ ұйымы өз жұмысын еңбек құқықтарын қорғау және жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі түрде жетілдіріп, бірқатар маңызды нәтижелерге қол жеткізді. Бұл туралы облыстық кәсіподақ ұйымының бас маманы, құқықтық еңбек инспекторы Александр Алимпиев және еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелері жөніндегі маман Нұрлан Жетпісбай өздерінің есептерінде мәлімдеді.
Ұйым заңгерлері есепті жыл ішінде еңбек құқықтарын қорғау бағытында бірқатар маңызды шаралар жүзеге асырылғанын атап өтті. Олардың негізгі мақсаттары – жұмысшылардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау, еңбек дауларын шешу және еңбек шарттарының сақталуын қамтамасыз ету болды. Өткен жылы еңбек даулары мен құқық бұзушылықтар саны азайып, жұмысшылар мен жұмыс берушілер арасында келісімдер мен түсінік қалыптастыру маңызды орын алды. Бұл жұмыстың нәтижесінде еңбек құқықтары бұзылған азаматтарға заңгерлік қолдау көрсетіліп, олардың мәселелері оң шешімін тапты.
Айта кетейік, облыстық кәсіподақ ұйымы жұмысшылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін белсенді жұмыс істейді. Бұл бағыттағы күш-жігер, ең алдымен, жұмысшылардың өмірі мен денсаулығын сақтау, еңбек жағдайларын жақсарту және еңбек дауларын әділ шешу болып табылады.
Жиында кәсіподақ ұйымдарының қаржылық тәртіптемесін нығайту мен есептілік жүйесін жетілдіру мәселелері алға тартылды. Облыстық тексеру комиссиясының төрағасы Жұмагүл Обаева атқарылған жұмыстарды қорытындылап, мүшелік кәсіподақ жарналарын жинау, бөлу және жұмсау тәртібінің орындалуы жайында есеп берді. Баяндамашы мүшелік ұйымдардың қаржылық тәртіптемесін реттеу, есептілік жүйесін ұйымдастыру, сондай-ақ кәсіподақ жарналарын жинау мен жұмсау бойынша қатаң бақылауды қамтамасыз ету керектігін баса айтты.
"Біздің басты міндетіміз – мүшелік кәсіподақ жарналарын тиімді әрі мақсатты жұмсау. Бұл өз кезегінде әрбір мүшеге сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді," – деп атап өтті Жұмагүл Обаева.
Облыстық тексеру комиссиясы Алға, Әйтеке би, Мәртөк, Қарғалы, Қобда, Ойыл, Хромтау аудандық ұйымдары және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің бастауыш ұйымдарында мүшелік кәсіподақ жарналарын төлеу, бөлу және жұмсау тәртібінің орындалуын тексеріп шықты.
Бұл ұйымдарда кәсіподақ жарналарын төлеу, бөлу және жұмсау тәртібінің жүйелі әрі ашық жүзеге асырылуы маңызды болып табылады. Әрбір аудан мен білім беру мекемесінде бұл процеске бақылау қойылып, барлық қаржылық құжаттар мен есептіліктер заң талаптарына сәйкес тексерілуде. Облыстық тексеру комиссиясы мен кәсіподақ ұйымы басшыларының бірлескен жұмысы нәтижесінде кәсіподақтардың қаржылық тәртіптемесін және есептілігін жетілдіруге арналған нақты қадамдар жасалды.
Бүгінгі жиында жоспарланған сұрақтардың барлығы қаралып, тиісті қаулы қабылданған соң облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Раушан Серікова еңбек қауіпсіздігін сақтау, әлеуметтік әріптестік келісімде және ұжымдық шарттарда көрсетілген әлеуметтік міндеттердің орындалуына бақылау жүргізу сұрақтарын назарда ұстауды тапсырды.
Жиын соңында облыстық ұйым төрағасы аудандық кәсіподақ көшбасшыларына сын-ескертпесін айтып, бірқатар міндеттер жүктеді.
-
Фотографии
-