
ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ЖЫЛЫ: ЕҢБЕК АДАМЫ – ҚОҒАМНЫҢ ТІРЕГІ
Еңбек адамы – қоғамның тірегі, еңбек арқылы өз өмірін жақсартып, қоғамның дамуына үлкен үлес қосатын тұлға. Ол адамдар барлық өндірістік және қызмет көрсету салаларында жұмыс істейді.
Осындай еңбек адамы ретінде ұжымда еңбек етіп, зейнетке шыққан Өрібаев Көпен Әскербекұлы жайлы әңгіме қозғасақ.
Көпен Әскербекұлы С.М.Киров атындағы орта мектептің 8-сыныбын бітіргеннен бастап ауылдың шаруашылығына араласып, еңбек жолын бастады. Қатарластары сияқты Кеңес армиясы қатарында Мәскеу қаласында 2 жыл әскери міндетін атқарып, оралғаннан кейін туған ауылына әкесінің қасына сушы болып бірге 5 жыл еңбек етеді. Кейіннен «Үшқұм комсомол бригадасында» шопанның көмекшісі болып 4 жыл жұмыс істейді. Осы кезде ауылдағы құрдастарымен еңбек ете жүріп, Тастағанова Майкенмен отбасын құрады. Жас отбасына сенім білдіріп, совхоз басшылары бір табын қой бөліп береді. Еңбекпен шыңдалған жастар артқан сенімді ақтап, кейін «Жіңішкесу сиыр фермасына» жұмысқа ауысып, сиыр бағады. Арада жылдар өтіп, совхоз тарағанда қайтадан табынды қой бағуға шығады. Осы жылдары ауыл басшылары еңбегін бағалап Алғыс хатпен марапатталады. Еңбек адамдарына төленетін еңбекақының, жағдайдың өзгеруіне байланысты ауылға қоныстанып, осы ауылдағы сиырдың күтуін жаюға шығады. Күннің ыстық-суығына қарамастан, маңдай терімен тапқан табысын балаларын аяқтандыруға жұмсап, қандай еңбек болса да атқаруға тура келеді.
1999 жылы осы ауылдағы «Қазақстан орта мектебіне» от жағушы болып жұмысқа орналасады. Ол маусымдық болғандықтан, көктем, жаз мезгілдері егін егіп, бақша суарып тынымсыз еңбекте болады. 2019 жылдан бастап мектептің қамту қызметкері болып ауысып, 2024 жылы құрметті еңбек демалысына шығады. Аудандық кәсіподақ ұйымы тарапынан абыройлы еңбек еткені үшін «Еңбек адамы» төсбелгісімен марапатталып, еңбек адамына көрсетілген марапатқа ие болды. Оның еңбегін бағалау, оны құрметтеу барша азаматтың міндеті деп ойлаймыз.Тек осылайша ғана біз еңбек адамының еңбегін әділ бағалап, қоғамды одан әрі дамытуға үлес қосамыз.
Көпен Әскербекұлы зейнетте болса да, балалары Айдос, Мөлдір,Толқыннан тараған немерелерінің қанаттануына өз үлесін қосып, еңбектен қалған жоқ. Қалған өмірі отбасының ортасында тек жақсылық пен қуанышқа толы болсын деген тілектеміз.