
БІЛІМ САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІКТЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ
Наурыз — көктемнің басы, жаңарудың символы, ұлттық құндылықтарды жаңғырту мен рухани бірлікті нығайтудың айрықша кезеңі. Осы орайда, Ақтөбе облысының Шалқар ауданында білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосқан педагогтар мен қызметкерлерді құрметтеу мақсатында «Қош келдің, Әз Наурыз!» мерекелік шарасы өтті.
Шараның басты мақсаты — ұзақ жылдар бойы білім саласында қызмет еткен, адал еңбегімен, ұстаздық міндетін абыроймен атқарған педагогтарды қолдау және олардың еңбегін жоғары бағалау.
Мерекелік жиын барысында ауданның білім беру саласында қажырлы еңбек етіп, ұрпақ тәрбиесіне өз үлестерін қосқан бірқатар ұстаздар мен білім саласының қызметкерлері марапатталды. Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподақ ұйымының Құрмет грамотасымен марапатталған педагогтар еліміздің болашағы — жастарға сапалы білім мен тәрбие беруде атқарған еңбектерімен ерекшеленді.
Марапаттау рәсімі барысында педагогтар мен білім саласының қызметкерлеріне аудандық білім бөлімі мен кәсіподақ ұйымының бірлескен Алғыс хаттары табысталды. Бұл Алғыс хаттар олардың қызметіндегі ерекшеліктерді, қоғамдық өмірге қосқан үлесін жоғары бағалайтын маңызды құжаттар болып табылады. Сонымен қатар, бірнеше кәсіподақ мүшелеріне шипажайға жолдама, сондай-ақ Түркістан қаласына тарихи-танымдық саяхатқа жолдама табысталды.
- Бұл марапаттар — біздің ұстаздарымызға, білім қызметкерлеріне деген құрметтің белгісі ғана емес, олардың жұмысының қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін көрсететін ерекше сәт. Білім беру саласының дамуы үшін тек кәсіби білім мен тәжірибе емес, сондай-ақ адал еңбек пен ізгі ниет қажет. Біз осы мақсатта аянбай еңбек ететін мамандарға әрқашан қолдау көрсетуге дайынбыз, - дейді аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Г.Құлекенова.
Аталмыш шара ауданның білім саласындағы мамандардың еңбегін елеп, олардың кәсіби жетістіктерін бағалау ғана емес, сондай-ақ Наурыз мерекесінің рухани бірлігі мен жаңа бастамалардың символы ретінде де маңызға ие болды.
Мерекелік шараға қатысушылар осы айтулы күні бір-біріне жаңа жетістіктер мен табыстар тілеп, алдағы күндерде де білім саласында мол мүмкіндіктер мен жетістіктер боларына сенім білдірді.