
КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІ ТАРИХИ-ТАНЫМДЫҚ САЯХАТТА
Ақтөбе облыстық кәсіподақ ұйымы мүшелері кеше Өзбекстанның ең көрікті әрі тарихи қалалары – Самарқанд пен Ташкентке қызықты саяхат жасады. Бұл сапар білім қызметкерлерінің рухани тынығуын, мәдени білімін кеңейтуді және кәсіподақ мүшелерінің ынтымақтастығын арттыруды мақсат етті.
Саяхаттың алғашқы бағыты – Ұлы Жібек жолының інжу-маржаны саналатын Самарқанд қаласы болды. Қатысушылар ең алдымен әлемге әйгілі Шахи-Зинда кесенелер кешені, Әмір-Темір мавзолейі, Регистан алаңы, Космонавттар метросын, Ұлықбек обсерваториясын аралап, ежелгі өркениеттің сәулет өнерімен танысты. Тарихи орындарды аралау барысында кәсіби гидтер шаһардың бай тарихы мен мәдени мұрасы жайлы қызықты ақпараттар берді.
Саяхаттың келесі кезеңі Өзбекстан астанасы – Ташкент қаласында жалғасты. Бұл қала заманауи сәулеті мен ұлттық ерекшеліктерін қатар үйлестірген алып мегаполис ретінде кәсіподақ мүшелерін таңғалдырды. Олар Төлеби кесенесіне барып, зиярат етті. Сондай-ақ, Сеул Мун бульвары, Мagic City көп функциональды ертегілер кешенін, Хазрати Имам кешенін, Тәуелсіздік алаңын, Әмір Темір алаңын және мұражайын аралап, қаланың тарихи-мәдени дамуымен жақынырақ танысты.
Ташкент қаласының дәстүрлі базарлары да саяхатшылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Олар әйгілі өзбек палауы мен ұлттық тәттілерінен дәм татып, қолөнершілер дайындаған кәдесыйларды сатып алды.
Бұл саяхат кәсіподақ мүшелері үшін пайдалы әрі мағыналы іс-шара болды. Қатысушылар тарихи мұралармен танысып қана қоймай, күнделікті жұмысынан біраз демалып, жаңа әсер алды. Мұндай мәдени сапарлар кәсіподақ мүшелерінің ынтымақтастығын арттыруға оң ықпал етеді.
-
Фотографии
-