
САЛАЛЫҚ КӘСІПОДАҚТЫҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫ АЯСЫНДА ҰСТАЗДАР АРАСЫНДА САЙЫС ӨТТІ
Салалық кәсіподақтың 100 жылдық мерейтойы аясында Түркістан облысы Кентау қаласы Ә.Бокейханов атындағы №23 жалпы білім беретін мектебі бастауыш кәсіподақ ұйымы ұлттық және спорттық ойындардан ұстаздар арасында сайыс ұйымдастырды.
Бұл шараның негізгі мақсаты – қазақ халқының атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық салт-дәстүрін жаңғырту, ұлттық спорт түрлерін насихаттау, кәсіподақтағы әйелдердің рөлін арттыру, олардың денсаулығын нығайтуға ықпал ету, сонымен қатар, ұстаздар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайту және салауатты өмір салтын дәріптеу.
Жарыс барысында мектеп ұстаздары үш топқа бөлініп, бірнеше сайыс түрлерінде өзара бақ сынасты. Әрбір сайыс қызықты әрі тартысты өтті. Атап айтсақ:
Арқан тартыс – командалық рух пен бірлікті талап ететін ұлттық ойын;
Жүгіру сайысы (қаппен секіру, үш аяқпен жүгіру) – жылдамдық пен ептілікті сынайтын көңілді эстафета;
Гір көтеру – күш пен төзімділікті қажет ететін нағыз ерік-жігер сайысы;
Қол күрес – білек күшін сынайтын белдесу;
Бес тас және асық ату – ұсақ моториканы дамытып, ептілікті арттыратын ұлттық ойындар.
Сайыс барысында әр команда шеберліктерін көрсетіп, жеңіске деген ұмтылыстарын дәлелдеді. Қатысушылар бір-біріне қолдау көрсетіп, мерекелік шараның мәнін арттыра түсті.
Жарыс соңында ең үздік нәтиже көрсеткен топ жеңіске жетіп, мектеп директорының мадақтамасы мен бастауыш кәсіподақ ұйымы тарапынан ақшалай сыйлықпен марапатталды.