
ТӘРБИЕ ЖҰМЫСЫНЫҢ ШЕБЕРЛЕРІ САЙЫСТЫ
Ақтөбе облысының Әйтеке би аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының қолдауымен «Директордың тәрбие жұмысы бойынша үздік орынбасары – 2024» атты облыстық байқаудың аудандық кезеңі жоғары деңгейде өткізілді. Бұл байқауға аудан көлеміндегі 10 жалпы білім беретін мектептің тәрбие ісі жөніндегі директор орынбасарлары қатысып, өз шеберліктері мен тәжірибелерін ортаға салды.
Байқаудың негізгі мақсаты – мектептегі тәрбие жұмыстарының сапасын арттыру, тәрбие процесін тиімді ұйымдастыру жолдарын жетілдіру және тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлардың шығармашылық әлеуетін көтеру.
Сайыс «Мен мектеп директорының тәрбие жұмысы бойынша орынбасарымын» тақырыбында презентация қорғау; Авторлық жобаны таныстыру және қорғау; Педагогикалық жағдаяттарды шешу кезеңдерінде өтті.
Байқау қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар төмендегідей марапаттарға ие болды:
Бас жүлде – Жанғабылова Тамара (Тереңсай орта мектебі). Жеңімпазға Түркістан қаласына саяхатқа жолдама табысталды;
І орын – Амангүл Есмағанбетова (Жарөткел негізгі орта мектебі);
ІІ орын – Анар Бекниязова (Әйке орта мектебі);
ІІІ орын – Айдана Махатова (Белқопа орта мектебі).
Барлық жеңімпаздар аудандық білім бөлімі мен кәсіподақ ұйымының арнайы дипломдарымен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.
Байқау барысында қатысушылар өз кәсіби тәжірибелерімен бөлісіп, тәрбие жұмысының заманауи тәсілдерін көрсету арқылы әріптестерімен пікір алмасуға мүмкіндік алды. Бұл шара білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысын жаңа деңгейге көтеруге серпін беретіні сөзсіз.