
МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ТӘРБИЕ ШЕБЕРЛЕРІ БАҚ СЫНАДЫ
Ақтөбе облысында Қобда аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының «Мектепке дейінгі ұйымның үздік педагогі» республикалық байқауының аудандық кезеңі жоғары деңгейде өтті.
Байқаудың басты мақсаты – мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды ұйымдастырудың заманауи тәсілдерін енгізу мақсатында үздік педагогикалық тәжірибені анықтап, оны кеңінен насихаттау.
Байқау үш кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде қатысушылар әділқазылар алқасына өздерінің Е-портфолиосын белсенді сілтеме арқылы ұсынып, оның құрылымы мен мазмұнына сәйкес бағаланды. Екінші кезеңде педагогтар 300 сөзден аспайтын «Мектеп жасына дейінгі балаларды дамыту мен тәрбиелеудегі заманауи педагогтің рөлі» тақырыбында эссе жазды. Үшінші кезеңде қатысушылар кіріктірілген ұйымдастырылған іс-әрекет үлгісін көрсетіп, кәсіби шеберліктерін паш етті.
Байқау нәтижесінде «Нұр» санаторлы түрдегі балабақшасының тәрбиешісі Махаббат Ерболюкова бас жүлдені қанжығалады. Ал жүлделі І орынды «Балдырған» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі Маржан Қосниязоваға иеленді.
ІІ орын «Шұғыла» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі Гүлмира Дүйсембина мен
ІІІ орын «Жарсай мектеп-балабақшасының» тәрбиешісі Жұлдызай Сембиеваға бұйырды.
Жеңімпаздарға Қобда аудандық кәсіподақ ұйымы тарапынан бағалы және ақшалай сыйлықтар табысталды. Бас жүлде иегеріне арнайы сертификат, ал жүлделі орын алған педагогтарға ақшалай сыйлықтар берілді.
Бұл байқау – білім саласында еңбек етіп жүрген тәрбиешілердің кәсіби дамуындағы маңызды қадам. Ұйымдастырушылар мен қатысушылардың бірлескен еңбегі болашақ ұрпақ тәрбиесіне жаңа серпін беретіні анық...
-
Фотографии
-