
ТҮРКІСТАНҒА ТАРИХИ-ТАНЫМДЫҚ САЯХАТ
Түркістан қаласы – еліміздің рухани әрі тарихи орталықтарының бірі. Осы қасиетті өңірді жақынырақ танып-білу мақсатында Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының қолдауымен білім саласында еңбек етіп жүрген жұмысшы мамандық қызметкерлері тарихи-танымдық саяхатқа шықты. Жергілікті кәсіподақ маманы Абзал Серікұлының айтуынша, кәсіподақ ұйымы тарапынан ұйымдастырылған танымдық сапардың басты мақсаты – тарихи орындармен таныстыру және ұжымдық бірлікті нығайту.
– Бұл саяхат кәсіподақ мүшелерінің бос уақытын тиімді өткізуіне, мәдени және тарихи танымдарын кеңейтуге бағытталды. Сапарға білім және білім мекемелеріндегі техникалық қызметкерлерден құралған 50 адам шықты. Білім қызметкерлері танымдық саяхат барысында «Домалақ ана» кесенесі мен «Ақмешіт әулие» үңгірінде болды. Домалақ ана туралы аңыздар мен оның ел ішіндегі рухани рөлі туралы әңгімелер саяхатшыларға ерекше әсер қалдырды. Одан кейін Арыстанбаб кесенесінде болып, оның тарихы мен маңыздылығы туралы қызықты деректер тыңдады. Соңынан Түркістан қаласында орналасқан «Қожа Ахмет Яссауи» кесенесіне соғып, баба рухына тағзым етіп, құран бағышталды. Сондай-ақ «Қазақстандағы Венеция» атанған «Керуен-Сарай» туристік кешенін аралады, – дейді Абзал Серікұлы.
Бұл саяхатта кәсіподақ мүшелерімен сапарға бірінші рет шығып отырған жұмысшы мамандық иелері де бар. Соның бірі – облыстың білім басқармасына қарасты «Асыл Мирас» орталығының күзетшісі Құрманғазы Қыздарбеков. Ол бұл саяхат барысында керемет әсер алғанын тебірене жеткізді.
- Жұмысбасты болып, мұндай туристік саяхаттарға шыға бермейді екенбіз. Жергілікті кәсіподақ тарапынан ұйымдастырылған туристік сапар аясында тарихи орындарды аралап, бабалар рухына тағзым еттік. Қарап отырсам, еліміздегі туристік нысандар едәуір дамып, әлемдік деңгейге шығып кетіпті. Мені таң қалдырғаны - Түркістанның бүгінгі кескін-келбеті. Түркістан қаласын бұрын бір көрген болсам, енді мүлде жаңа сипатқа еніпті. Өзімді Түркістан қаласында емес, шет елде жүргендей сезіндім. Осындай саяхаттар жергілікті кәсіподақ тарапынан көбірек ұйымдастырылса екен деген тілегім бар, – дейді Құрманғазы Қыздарбеков.
Бір күндік іс-сапар жергілікті кәсіподақ мүшелерінің ойында ұзақ сақталары анық.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фотографии
-