
ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын – арттырады. Сондықтан, біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз.
Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруы тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі» деген болатын. Президент айтқандай, өзінің адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамның бірі – Талғат Бахтияров. Ол Тараз қаласының білім бөлімінің техникалық шығармашылық орталығында электрик болып жұмыс істейді. Талғат Дүйсенбіұлының бұл саладағы еңбек өтілі 43 жылды құрайды.
- Бүгінгі күні электрик сұраныстағы мамандық. Мен осы салада жүріп өзіме міндеттелген жұмысты атқарам. Тапсырылған әрбір тапсырмаға жауапкершілікпен қараймын. Өйткені, бұл жұмыс үлкен жауапкершілік пен ұқыптылықты талап етеді. Жалпы «сапёр бірақ мәрте қателеседі» дейді ғой, сол тәрізді электрик те қауіптілігі жоғары мамандық, – дейді ол.
Оның бұл мекемеде жұмыс істеп келе жатқанына жиырма жылға жуықтапты. Өзінің айтуынша, 1982 жылы «Жамбыл химиялық-механикалық техникумын» электрик-монтер мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын осы жылы «Завчасть» зауытында электрик-слесарь болып бастаған. «Техникумды жаңа бітіріп келген бізге Александр Шматков деген электрик тәлімгер болды. Ол кісінің білімділігі мен іскерлігіне жұмыс барысында талай тәнті болдық. Бір жолы зауытта электр жағынан ақау шығып, ешкім оны орнына қоя алмады. Сол кезде тәлімгеріміздің шеберлігіне тәнті болғаным бар. Сөйтсем, шеберлік тәжірибемен келеді екен ғой. Біз де бүгін сол кісі сияқты шебер болып алдық. Енді ойлап отырсам, ол кісі бізге сол кезден бастап өз ісімізге жауапкершілікпен қарауды үйретіпті» дейді Талғат аға.
Бұл мамандықта техникалық қауіпсіздікті сақтау маңызды. Ол сақталмаса өмірге қауіп төнуі мүмкін. «Жұмыс істеп жатқанда кейбіреулер еріксіз назарыңды бұрдырады. Ондай кезде қолың электр сымына тиіп, тоқ ұратын сәттер де аз болмайды. Мұндай жағдай жоғары вольтта өте қауіпті. Соңы қайғылы жағдайға ұрындыруы мүмкін. Жалпы техника қауіпсіздігін сақтамасаң электр тоғы бірінші кезекте жүйке жүйесіне елеулі зақым келтіреді, сол үшін техникалық қауіпсіздікті сақтау маңызды», – деп қосады ол. Оның айтуынша, электрикке бүгінде бәрі тәуелді. Тіпті өндіріс ошақтарының қуат көзіне деген тәуелділігі біз ойлағаннан да жоғары. Осыдан ақ электриктердің қаншалықты сұраныстағы мамандық екендігін бағамдай беріңіз. Бірақ сұраныстағы мамандықтың бүгінде жалақысы төмендігі қынжылтады.
Бұдан кейін бірнеше мекемеде электрик болып жұмыс істеген ол барлық мекемеде сыйлы болыпты. Әріптестері де, ұжым да оның іскерлігін жоғары бағалап келген. Мәселен, аталған техникалық шығармашылық орталықтың директоры Марат Кенжебекұлы да оның мақтауын жеткізді.
- Бұл кісіні сегіз жылдан бері танимын. Менен бұрын осында жұмыс істеп келе жатқан ол кісі біздің мекемеге қарасты үш филиал жұмысын да тындырып отыр. Осы кісінің арқасында электр жағынан бізде мәселе болған емес. Өз жұмысын жақсы біледі. Іскер әрі адал азамат. Зейнетке шығуына да бір жыл уақыт қалды. Қазір мұндай өз ісіне жауапты маман табу қиын. Жұмыс іздеп келген жастар болса жалақысы аз деп тұрақтамайды. Бұл кісіні зейнетке шыққаннан кейін де жібермей ұстап қалу ойымызда бар, – дейді орталық директоры.
Ал қарапайым еңбек адамы Талғат Бахтияров әрдайым білгенімен бөлісіп келеді. Оның көптеген адамдарға көмегі де тиіпті. «Мен қашанда елге, айналама білгеніммен көмектесіп келемін. Мен арқылы электрик туралы білгендер көп, әлі де елден көмегімді аямаймын», – дейді Талғат аға.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.