
СЕМИНАР САЛАЛЫҚ КӘСІПОДАҚТЫҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛДЫ
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының жүз жылдығына орай «Әйел. Еңбек. Мәртебе» тақырыбында семинар ұйымдастырды. Бұл іс-шараның басты мақсаты – әйелдер мен олардың еңбекке қосқан үлесін дәріптеу, қоғамдағы әйелдердің мәртебесін арттыру, сондай-ақ еңбек қатынастарындағы әйелдерге қатысты мәселелерді талқылау болды.
Семинарға облыстық еңбекші әйелдер кеңесінің мүшелері, білім беру мекемелері бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, қоғамдық бірлестік өкілдері қатысты. Бұл шара білім саласында еңбек ететін әйелдердің қоғамдағы орны мен рөлін кеңінен талқылауға мүмкіндік берді.
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Раушан Серікова шараның ашылуында кәсіподақтың рөлі мен оның қызметі туралы баяндады. Ұйым көшбасшысы кәсіподақтың білім қызметкерлерінің құқықтарын қорғау, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту және әйелдердің еңбек құқығын қамтамасыз ету саласындағы маңызды жұмыстары жайында тарқатты.
Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Республикалық комиссия төрағасы Индира Сақауова кіріспе сөзінде семинардың маңыздылығына тоқталып, кәсіподақтың білім беру саласында қызмет ететін әйелдердің әлеуметтік мәселелерін шешудегі үлесін атап өтті.
Мұғалжар ауданының ардагер-ұстазы, жеке кәсіпкер, «Бақытты бала», «Счастливое детство» атты бөбекжай-бақшаларының құрылтайшысы Галима Еламанова «Педагогикалық тәжірибеден кәсіпкерлікке: Жеке балабақшаларымның бастау жолы» тақырыбында тәжірибесімен бөлісті. Ол өз ісін қалай бастап, балалар білім беру саласындағы жеке жобаларын жүзеге асырғанын айтып, қатысушыларға мол тәжірибе ұсынды.
Психологиялық тренинг өткізген «JAN AHUAL» психологиялық қолдау орталығының директорының орынбасары Арайлым Тоқсанбаева «Карьера мен отбасы арасындағы тепе-теңдік: әйел психологиясындағы ішкі үйлесім» тақырыбында сөз сөйлеп, әйелдердің жұмысы мен жеке өмірі арасындағы теңдікті сақтаудың психологиялық аспектілерін түсіндірді.
Ақтөбе өнеркәсіптік технологиялар колледжінің өндірістік оқыту шебері, жас маман Дильназ Мұратова «Заманауи маман: тәжірибе, дағды, табыс» тақырыбында баяндамасын ұсынды. Оның сөздерінен бүгінгі күннің талаптарына сай маман болудың, тәжірибе жинақтап, дағдыны жетілдірудің маңыздылығы айқын көрінді.
Семинар барысында облыстық Еңбекші әйелдер істері жөніндегі комиссия төрағасы Жұмагүл Жұмабаева «Ұлықты әйел - ұлт ұйтқысы» тақырыбында дискурсия өткізді. Ол әйелдердің қоғамдағы орнын және олардың ұлттың дамуына қосқан үлесін талқылап, қоғамдағы әйелдердің мәртебесін көтеру жолдарын ұсынды.
Еңбекші әйелдердің басын қосқан семинарда ашық сұхбат өрбіп, қатысушылар сұрақ-жауап арқылы тәжірибелерімен бөлісті.
Басқосуда кәсіподақтың жұмысына белсенді үлес қосқан мүшелері марапаттармен құрметке ие болды. Жиын барысында шипажайларға және саяхаттарға жолдамалар, сондай-ақ ақшалай сыйақылар, сертификаттар мен төсбелгілер салтанатты түрде тапсырылды. Бұл марапаттар кәсіподақтың мүшелерінің еңбегін бағалау және олардың әлеуметтік қолдауын көрсету мақсатында берілді.
Семинардың екінші жартысында қатысушылар «Анаға тағзым» орталығына және Әлия Молдағұлова атындағы мемориалды мұражайына экскурсия жасады. Бұл іс-шара қазақ халқының тарихы мен мәдениетінде әйелдердің ерекше рөлі мен олардың ұлт үшін жасаған ерліктерін танытуға мүмкіндік берді.
-
Фотографии
-