
ЕДЕН ЖУУШЫЛАРДЫҢ ЕҢБЕГІ ЕРЕН
Еңбек – адам өмірінің тірегі, тәрбиенің бастауы. Қоғамда әр мамандықтың өзіндік орны бар, себебі кез келген жұмыс – ортақ игілікке қосылған үлес. Кейбір мамандықтар көзге көп түсе бермесе де, олардың маңызы орасан зор. Солардың бірі – еден жуушы мамандығы.
Бұл қызмет иелері айналаны таза ұстап, адамдарға жайлы және қауіпсіз орта қалыптастырады. Осындай қажырлы еңбек иелерінің бірі - Нүсіпова Бақыт! Ол 2018 жылдан бері Алматы қаласындағы №156 жалпы білім беретін мектепте еден жуушы болып қызмет атқарады. Сол жылы кәсіподақ мүшесі болып тіркелді. Апай әрқашан күлімсіреп жүреді, айналасына жылы сөздер айтып, балаларды тәртіпті болуға шақырады.
Оның еңбегінің арқасында біздің мектеп әрдайым таза, әрі жайлы. Кейде оқушылар еденді ластап қойса да, ол ешқашан ренжімейді, керісінше, тазалықты сақтаудың маңыздылығын түсіндіреді. Еден жуушылардың еңбегі зор құрметке лайық. Сондықтан біз оларды сыйлап, еңбектерін бағалауымыз керек.
А.Тохтиева,
Алматы қалалық №156 жалпы білім беретін мектептің кәсіподақ төрайымы