
ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ЖЫЛЫ: ҚОҒАМ МАҚТАНЫШЫ
Қазіргі қоғамда еңбекқорлық, өз ісіне адалдық және қоғамға пайда тигізуге деген шынайы ұмтылыс – нағыз еңбек адамының басты қасиеттері. Осындай асыл қасиеттерді бойына сіңірген жандардың бірі – Бағымбаева Сайраш Әшімқызы. Ол – көпбалалы ана, «Күміс алқа» иегері, бүкіл өмірін бала тәрбиелеуге арнаған жан.
Шығыс Қазақстан облысы, Самар ауданы, Құлынжон ауылының «Мектеп –бөбекжай- балабақша кешені» КММ 30 жыл бойы қамту қызметкері ретінде адал еңбек етіп келеде. Өз ісіне бар жан-тәнімен берілген жан. Осы жылдар ішінде ол көптеген ұрпақ тәрбиелеп, саналы, білімді, өнегелі азаматтарды қалыптастыруға өз үлесін қосты. Ол тек өз жұмысына адал қызметкер ғана емес, сонымен қатар оқушылардың сүйікті апасы, әжесі, оларға әрқашан қолдау көрсететін қамқор жан. Әр балаға жеке көзқараспен қарап, олардың бойындағы жақсы қасиеттерді дамытуға көмектеседі. Ол оқушыларға қамқорлық танытып, олардың білім мен тәрбиені қатар алып жүруіне, рухани өсуіне ықпал етеді.
Сайраш Әшімқызының ең басты қасиеттерінің бірі – жауапкершілік. Жауапкершілік пен адалдық – басты қағидалары.
Ол өзіне жүктелген міндеттерді жоғары деңгейде орындап қана қоймай, мектеп өміріне белсене араласып, түрлі шаралардың ұйымдастырылуына үлес қосады.
Сайраш Әшімқызы – тамаша тәлімгер, артынан ерген әріптестеріне үнемі қолдау көрсетеді.
Сайраш апай – шын мәніндегі еңбек адамы, өзінің өмірін балалардың тәрбиесіне, олардың бойына ізгі қасиеттерді сіңіруге арнаған жан. Оның еңбегі елеусіз қалған жоқ – «Күміс алқа» марапаты оның тек кәсіби қызметіндегі ғана емес, сонымен қатар отбасы институты мен тәрбие саласына қосқан зор үлесінің белгісі. Ұл-қыздары да ата-анасының тәрбиесін алып, өмірде өз жолдарын тауып, өз шаңырақтарын көтеріп, ата, әже атандырып отыр. Екі қызы мектепті үздік аяқтап педагогиканы таңдады, олардың бірі – ғылым жолына түсіп, педагогика саласында докторлық диссертациясын қорғауға дайындалуда. Кенже қызы – педагогикалық университеттің студенті, болашақ ұстаз.
Бұл – ананың ең үлкен жетістігі мен мақтанышы!
Оның көпжылдық еңбегі зор құрмет пен алғысқа лайық. Сайраш Ашимқызы сияқты жандар – біздің қоғамымыздың мақтанышы, өз кәсібіне адалдық пен еңбекқорлықтың үлгісі!