
ҰСТАЗДЫҚ ЖОЛДЫҢ ШАМШЫРАҚТАРЫ БАС ҚОСТЫ
Ақтөбе облысының Мұғалжар аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының жанынан құрылған Жастар кеңесінің ұйымдастыруымен №3 Ембі қалалық жалпы білім беретін орта мектебінде “Жас ұстаздың шамшырағы – зерделі ұстаз” тақырыбында аудандық семинар өтті.
Аталған семинардың мақсаты – жас ұстаздардың кәсіби дамуына қолдау көрсету, тәжірибе алмасу алаңын қалыптастыру және олардың шығармашылық әлеуетін арттыру болды. Шара барысында қатысушы мұғалімдер ашық сабақтар, коучинг сабақтар мен шеберлік сағаттарын өткізіп, өздерінің әдістемелік шеберліктерін ортаға салды. Сонымен қатар, дарынды оқушылардың зертханалық жұмыстары арқылы да тың әдіс-тәсілдер мен тәжірибелер ұсынылды.
Семинар соңында аудандық кәсіподақ ұйымы мен білім бөлімінің атынан қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, белсенділік танытып жүрген жас мамандар алғыс хаттармен марапатталды.
Іс-шара аясында жас ұстаздар семинардан алған әсерлерімен бөлісіп, кері байланыс жасап, өзара пікір алмасты. Бұл шара жас мамандардың кәсіби бағыт-бағдарын айқындап, жаңа идеялармен шабыттануына себеп болды.