
ҰСТАЗДАР АЛАҢДА БАҚ СЫНАДЫ
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының Біріккен комитеті облыстық филиалының ұйымдастыруымен колледждер мен білім мекемелері арасында «Тәуелсіз елдің спорт сүйер ұстаздары» ІХ облыстық спартакиаданың іріктеу кезеңі өтті. Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің спорт алаңында ұйымдастырылған шеруге 25 команда қатысты.
Спартакиада Мемлекеттік Әнұранмен ашылды. Салтанатты іс-шараны Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков ашты.
- Осымен тоғызыншы рет өткелі отырған спартакиада қатысушыларының қатары артқанын көріп отырмыз. Осындай бастамаға қолдау көрсетіп, бір мезгіл спорттық іс-шараларға қатысып отырған сіздерге көп рақмет. Бүгінгі спартакиадада барлық командаға сәттілік, әсерлі де тартысты ойын тілеймін!, - деді Ерұлан Сәбенұлы.
Осыдан кейін «Білім қызметкерлері кәсіподағының Біріккен комитеті» облыстық филиалының төрағасы Жанболат Орынбеков спорттың тоғыз түрінен өтетін ойын шарттарымен, оған төрағалық ететін төрешілермен таныстырды.
Бірнеше білім мекемесінде қатар өткен спорттық жарыстар екі күнге созылды. Тартысты өткен ойын қорытындысында Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің командасы І орынды айқын басымдықпен жеңіп алды. Екінші және үшінші орындарды Құлан агротехнологиялық жоғары колледжі мен Жамбыл индустриалды-технологиялық колледжі иеленді.
Жеңіс тұғырынан көрінген командалар мен үздік ойыншылар ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фотографии
-