
ТИМБИЛДИНГ САЛАЛЫҚ КӘСІПОДАҚТЫҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛДЫ
Ақтөбе облысының Қобда аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының жанынан құрылған Жастар кеңесі Салалық кәсіподақтың 100 жылдығы аясында ерекше форматтағы Zhastar Camp тимбилдингін ұйымдастырды. Шара Қарғалы ауданындағы Қасқыр сарқырамасының көркем табиғат аясында өтті.
Zhastar Camp – бұл жас буынның әлеуетін танып, олардың азаматтық белсенділігі мен шығармашылығын арттыратын тиімді алаң. Zhastar Camp барысында жастар топпен жұмыс істеу дағдыларын жетілдірді. Аталған тимбилдинг – жастарға арналған жарқын әрі мазмұнды алаңға айналды. Табиғатпен үндескен ортада өткен бұл шара қатысушылардың жаңа қоғам құрудағы жауапкершілікті сезініп, командалық шешім қабылдаудың маңызын түсінулеріне сеп болды.
Кәсіподақ жастарының ұйымдастыруымен өткен тимбилдинг шарасы барысында жастар белсенділік танытып, түрлі қызықты эстафеталық ойындар өткізді. Командалық рухты арттырып, ұйымшылдықты нығайтуды мақсат еткен бұл ойындар қатысушылардың көңілін көтеріп қана қоймай, олардың бір-біріне деген сенімі мен қолдауын арттырды. Эстафеталық ойындар барысында жастар шапшаңдық пен тапқырлықты талап ететін түрлі тапсырмаларды орындап, өзара жарысты.
Жүз жылдық тарихы бар кәсіподақ қозғалысының жалғастырушысы ретінде жас ұрпақтың белсенділігі мен бірлігі осы шарада айқын көрініс тапты. Салалық кәсіподақтың ғасырлық мерейтойы аясында жастардың осындай белсенді жобаларға атсалысуы – ұйымның болашағы берік екенін дәлелдейді.