
ЕРЛІК ЕМЕС - ЕҢБЕК ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ! Әділет салтанат құрды. Заң үстемдігі дәлелденді!
2025 жылғы 11 сәуірде Түркістан қаласының ауданаралық соты Нурсултан Берикович Пернебаевтың еңбек құқығы бойынша талап-арызын толық көлемде қанағаттандыру туралы әділ шешім шығарды!
Бұл – жай ғана соттағы жеңіс емес. Бұл – еңбек адамының құқығын қорғаудағы табандылықтың, кәсіподақ пен заңгерлік қолдаудың шынайы жемісі.
Нурсултан Пернебаев кім?
Н.Пернебаев – Түркістан облысы, Сауран ауданындағы "М.Мәметова атындағы жалпы білім беретін мектептің" дене шынықтыру пәні мұғалімі, әрі сол мектептің Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы.
2024 жылдың қараша айында ол заңсыз түрде қызметінен босатылып, еңбек құқықтары өрескел бұзылды. Бірақ Н.Пернебаев үндемей қалмады – ол күресті!
Сот нені дәлелдеді?
Н.Пернебаев апталық 7 сағат жүктемесін артығымен (16 сағатқа дейін) орындағанын құжатпен дәлелдеді;
Жұмыс уақытындан тыс шетелде болғаны расталды;
Ең бастысы – жұмыс беруші оны тәртіптік жазаға тартқанда жоғары тұрған кәсіподақ органының уәжді пікірін алмаған, бұл – заңбұзушылық!
ҚР «Кәсіптік одақтар туралы» Заңның 26-бабы мен Еңбек кодексінің 146-бабына сәйкес, бұл жағдайда жұмыстан босату – заңсыз болып саналады.
Сот шешімі:
2024 жылғы 13 қарашадағы №205 бұйрық заңсыз деп танылып, күші жойылды;
Н.Пернебаев бұрынғы қызметіне – дене шынықтыру пәні мұғалімі ретінде – қайта орналастырылсын;
923 147 теңге жалақысы өндірілсін, оның 660 000 теңгесі дереу төленуге жатады!
Бұл әділетті жеңістің артында – үлкен еңбек тұр!
Осы сот процесінің сәтті аяқталуына Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Түркістан облыстық ұйымының төрағасы Жандос Шайдоллаұлының еңбегі ерекше екенін атап өткіміз келеді.
Жандос Шайдуллаұлы бұл істі жеке бақылауында ұстап,
Заңгерлік қолдауды ұйымдастырып,
Әрбір құқықтық процесте кәсіподақ мүшесінің мүддесін барынша қорғауға күш салды.
Бұл – жай ғана басшылық емес, шын мәніндегі көшбасшылықтың көрінісі!
Ұстаздар қауымы, қызметкерлер!
Өз құқығыңызды біліңіз, қажет болса – күресіңіз. Ең бастысы – жаныңызда сенімді кәсіподақ болсын!
Бүгінгі жеңіс – ертеңгі сенімділіктің, ұйымшылдықтың, заңға деген құрметтің көрінісі.