
ЖАМБЫЛДА IX КӘСІПОДАҚ СПАРТАКИАДАСЫНЫҢ ЖАЛАУЫ ЖЕЛБІРЕДІ
«Тәуелсіз елдің спорт сүйер ұстаздары» атты ІХ облыстық спартакиадаға оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім мекемелері қызметкерлері қатысуда.
Тараз қалалық «Ұлан» стадионында ашылған спорт додасы «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында Жеңістің 80 жылдығы, Қазақстан кәсіподақтарының құрылғанына 120 жыл толуына және оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының 100 жылдық мерейлі даталарына арналды.
Спартакиадаға барлық 10 ауданның ұстаздар командасы, Тараз қаласы мектептерінің ұстаздары мен облыстық білім басқармасына қарасты білім мекемелері ұстаздарынан құралған командалар, М.Х.Дулати атындағы Тараз Университетінің, Шерхан Мұртаза атындағы Тараз халықаралық университетінің профессор-оқытушылар құрамынан жасақталған ғалымдар командасы Ережеге сай 9 спорт түрі бойынша бәсекеге түсуде. Барлық спорт түрлерін қоса есептегенде облысымыздағы білім және ғылым саласының 800-ге жуық кәсіподақ мүшесі армрестлинг, гір тасын көтеру, жеңіл атлетика, үстел теннисі, кіші футбол, волейбол, тоғызқұмалақ, бильярд және асық атудан өзара мықтыны анықтауда.
Сайысқа сақадай сай келген ұстаздар мен ғалымдардың ойындарына облысымызға танымал спорт шеберлері, Халықаралық дәрежедегі төрешілер, спорт қайраткерлері, республикаға еңбек сіңірген жаттықтырушылардан құралған алқа төрелік етеді.
- Спорттың адам денсаулығына тигізер пайдасы мен халықты бұқаралық спортпен шұғылдануға баулыған іс-шараның маңыздылығы, бала оқытып, шәкірт тәрбиелеуден бөлек спортты өміріне серік еткен ұстаздарға рух берері сөзсіз. Спартакиаданы дәстүрлі түрде өткізу еліміздің, қоғамның алға жылжып, әл-ауқаттың жақсарғандығының және бір белгісі. 2 күнге созылатын спартакиада ойындарында мақсатшыл ұстаздар ұлт болашағы саналатын жастарға үлгі-өнеге бола отырып, саламатты өмір салтын ұстанудың озық үлгісін паш етпек. Барлық қатысушыларға сәттілік пен жеңіс тілеймін!, - деді жарыс қатысушыларын құттықтаған Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков.
Спартакиада жеңімпаздарын марапаттау рәсімі ертең, 26 сәуір күні финалдық ойындардан соң өтетін болады. Жалпы, бүгінгі облыстық спартакиадаға дейін барлық аудандар мен Тараз қаласында іріктеу кезеңдері өтіп, онда үздіктер анықталып, осы облыстық кезеңге жолдаманы сарапқа салған. Осы спорттық іс-шара аясында аймақтардағы іріктеу кезеңдерін қоса есептегенде орта есеппен 10 мыңға жуық білім және ғылым саласының өкілі-кәсіподақ мүшелері бұқаралық шарамен қамтылды.
Жамбыл облыстық ұйымы
-
Фотографии
-