
ҰЗАҚ ЖЫЛҒЫ ЕҢБЕКТІҢ ЛАЙЫҚТЫ ҚҰРМЕТІ
Ақтөбе облысы, Ойыл аудандық оқушылар үйінде ұзақ жылдар бойы табанды еңбек етіп, ұжымның абыройына айналған кіші қызметкерлер Сәкен Раушанов пен Нұрлан Есқалиевтің зейнеткерлікке шығуына орай құрмет көрсету кеші өтті.
Шарада Ойыл аудандық білім бөлімінің басшысы Есенгелді Бегалин мен аудандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы Гүлмира Избагамбетова құттықтау сөз сөйлеп, қос зейнеткерге шипажайға жолдама сыйлады. Бұл – еңбектің еленгенінің, адамдық қадірдің бағаланғанының көрінісі болды.
Кеш барысында әріптестері Сәкен Раушанов пен Нұрлан Есқалиевтің еңбектегі үлгілері мен қарапайым, адал мінездерін еске алып, естеліктерімен бөлісті. Жылы лебіздер мен жүрекжарды тілектер ағылды. Әсем әндер шырқалып, Ойыл балалар өнер мектебінің өнерпаздары өздерінің әсерлі ән-билерімен шараның сәнін аша түсті. Сонымен қатар, ардагерлермен ашық сұхбат жүргізіліп, олардың еңбек жолындағы қызықты сәттер мен ұжымдағы жарқын естеліктері тыңдалды.
Шара соңында Оқушылар үйінің директорының міндетін атқарушы Әбділла Сағынов сөз алып, ұжым атынан ардагерлерге зор алғысын білдірді. Ол өз сөзінде “Сіздердің еңбектеріңіз – бізге үлгі, кейінгі ұрпаққа аманат” деп, олардың орны бөлек екенін ерекше атап өтті.
Құрмет кеші әріптестік рух пен сыйластықтың биік үлгісі ретінде есте қалды.
-
Фотографии
-