
"ҰСТАЗ САҚАСЫ" ТУРНИРІ: ҰСТАЗДАР БІРЛІГІ МЕН ҰЛТТЫҚ МҰРА
Ақтөбе облысының Әйтеке би және Ырғыз аудандарында ұлттық спорт түрі — асық атудан аудандық “Ұстаз сақасы” турнирлері ұйымдастырылды. Шаралар аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымдарының және білім бөлімінің қолдауымен өтті.
Әйтеке би ауданында өткен турнирге 25 командадан құралған 75 ұстаз қатысты. Қатысушылар өздерінің мергендігін, ептілігін көрсетіп, тартысты бәсекеде мықтылар анықталды.
Жарыс нәтижесінде Комсомол орта мектебі бірінші орынды, Жабасақ орта мектебі екінші орынды, ал Мамыт негізгі мектебі үшінші орынды иеленді.
Жеңімпаздарға аудандық білім бөлімі мен кәсіподақ ұйымының атынан Алғыс хаттар және қаржылай сыйақылар табысталды.
Ал Ырғыз ауданында өткен турнирге 42 сұрмерген ұстаз қатысты.
Жарыста бірінші орынды №1 қазақ жалпы білім беретін орта мектебінің мұғалімі Жандос Мейрамбай, екінші орынды “Ырғыз” мектептен тыс аула клубының өкілі Еркін Омарғалиев, ал үшінші орынды Ырғыз №2 жалпы білім беретін орта мектебінің мұғалімі Салауат Сарин иеленді.
Жүлдегерлер аудандық білім бөлімінің дипломдарымен, медальдарымен және кәсіподақ ұйымының қаржылай сыйлықтарымен марапатталды. Сонымен қатар, 1-2 орын алған сұрмергендер Ақтөбе қаласында өтетін облыстық “Ұстаз сақасы” турниріне жолдама жеңіп алды.
Ұлттық мұрамызды ұлықтаған, ұстаздардың бірлігін арттырған бұл турнирлер қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, салауатты өмір салтын насихаттауға зор үлес қосты.
-
Фотографии
-