
БІРЛІК ПЕН ЕҢБЕКТІ ҰЛЫҚТАҒАН КҮН
1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күніне орай Ақтөбе облысының Темір аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының қолдауымен мазмұнды шара ұйымдастырылды. Бұл игі бастама ел ішіндегі ынтымақ пен татулықты насихаттаумен қатар, қарапайым еңбек адамдарының еңбегін бағалауға бағытталды.
Аталған шараға аудан бойынша білім беру ұйымдарында қызмет ететін 60-қа жуық кіші қызметкер қатысты. Олар – білім ордаларының тазалығы мен тәртібін қамтамасыз етіп, мекеменің тыныс-тіршілігінде ерекше рөл атқарып жүрген жандар. Осы жолы олардың еңбегі назардан тыс қалмай, аудандық кәсіподақ ұйымының атынан арнайы марапаттарға ие болды. Әр қызметкерге кәсіподақ тарапынан сыйақы сертификаттары табысталып, ризашылық білдірілді.
Шара барысында Темір аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Назгүл Сәбенова сөз сөйлеп, қызметкерлердің қажырлы еңбегін ерекше атап өтті. Ол өз сөзінде:
– Бүгінгі мереке – еліміздегі бейбітшілік пен келісімді, көпұлтты халқымыздың достығын айшықтайтын күн. Осы орайда, білім беру саласында аянбай тер төгіп жүрген сіздерге алғыс білдіреміз. Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіз арқылы білім ордалары таза, тәртіпті әрі жайлы күйде қызмет етіп келеді. Бұл марапат – сіздерге деген шынайы алғысымыздың бір белгісі, – деді.
Шара соңында қатысушылар бір-бірімен жылы лебіздер алмасып, мерекелік көңіл-күймен тарқасты. Мұндай құрмет көрсетулер ұжымдық бірлік пен ынтымақтастықты нығайтып, еңбек адамының мәртебесін көтерері анық.