
ҰСТАЗДАР АРАСЫНДА БАЙРАҚТЫ БАЙҚАУ
Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы мен Сарқан аудандық филиалының жанынан құрылған Жастар кеңесі «Жетісулық жастар - әдебиет толқынында» атты жас ұстаздар арасында әдеби байқауын ұйымдастырды.
Дәстүрге айналған шараға аудандық, қалалық және жоғары оқу орнындағы филиалдардың төрағалары мен есепшілері, жас ұстаздар қатысты.
Кәсіподақ белсенділері мен педагогтар алдымен Сарқан ауданының көрнекті жерлеріне барды. Өткен ғасырдың тіршілігінен сыр сертетін Қойлық қаласы туралы ақпарат алып, М. Жұмабаев атындағы орта мектебіндегі мектепшілік өлке тану музейіне қойылған 121 экспонатты тамашалады. Одан кейін Сарқан ауданының тарихи музейіне ат басын бұрып, тарихтың тағылымды тұстарымен танысты.
Шараның екінші күні «Жетісулық жастар - әдебиет толқынында» атты жас ұстаздар арасында әдеби байқауының ашылу салтанаты өтіп, облыстық кәсіподақ төрағасы Мэлс Төлепберенов сөз сөйлеп, жастарға сәттілік тілеп, шараның мақсатын айқындап берді.
Жас ұстаздар әдеби байқаудың көркін қыздырып, Жетісу облысының әр ауданынан шыққан атақты тұлғаларды таныстырып, Сарқан ауданының ақындары Жомарт Игіман Мақатұлы мен Абайділданов Әділбек Байзолдаұлының өлеңдерін жатқа оқыды. Келесі кезеңде шығыстанушы, тарихшы, фольклоршы, этнограф, географ, ағартушы - Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановқа жас ақындар арнауларын арнаса, Прозалық шығармаларды оқу сайысында өнерлі жастар жан-жақты Жетісу жазушыларының прозасын насихаттады.
Алдын-ала бекітілген қазылар алқасы байқау ережесіне сай бағаларын беріп, кілең мықтыларды анықтады.
Әр кезең бойынша І, ІІ, ІІІ орындарды анықтап, жеңімпаздар марапатталды. Командалық есепте І орынға Кербұлақ аудандық кәсіподақ филиалы, ІІ орынға Алакөл аудандық кәсіподақ филиалы, ІІІ орынға Панфилов аудандық кәсіподақ филиалы тұрақтап, кәсіподақ тарапынан қомақты қаржыны иеленді.
Жетісу облыстық ұйымы
-
Фотографии
-