
ҮЗДІК БАСШЫ - ҮЗДІК ҰЖЫМНЫҢ ТІРЕГІ
“Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан”, – деп ұлы Абай айтқандай, мұғалімнің тәрбиесі мен өнегесі – оқушының болашақ азығы. Білім саласында осындай биік талаптарға толық сай келетін, ұрпақ болашағын әрдайым бірінші орынға қоятын білікті басшы – Дөң мектеп-гимназиясының директоры Құрманов Абзал Еркінұлы.
Абзал Еркінұлы – өмір талабына сай жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолында үздіксіз ізденіп, кәсіби шеберлігін жетілдіріп жүрген шығармашыл тұлға. Ол жаңа білім беру технологияларын меңгеруге, мектеп ұжымының кәсіби өсуіне, оқушылардың жан-жақты дамуына үлкен көңіл бөледі.
2020-2023 жылдары Дөң мектеп-гимназиясында эксперимент алаңы ашылып, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығымен бірлесе отырып, бірнеше облыстық деңгейдегі семинарлар ұйымдастырылды. Бұл жұмыстардың нәтижесінде көптеген ғылыми жобалар зерттеліп, облыстық және республикалық деңгейдегі байқауларда жүлделі орындар иеленді. Атап айтқанда, Дөң мектеп-гимназиясының оқушылары республикалық ғылыми жобалар байқауында 7 рет жүлдегер атанды.
Ұстаз еңбегінің жемісі – шәкірт жетістігі. Дөң мектеп-гимназиясының дарынды оқушылары аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстарда үздік нәтиже көрсетуде. 2023-2024 оқу жылында ауыл мектептерінің 9-11 сынып оқушылары арасында өткен республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңінде Әсел Баймбет жүлделі бірінші орынды иеленіп, алтын медаль мен бағалы сыйлыққа ие болды.
Ал 2024-2025 оқу жылында Асылжан Асылхан республикалық деңгейде үшінші орынды жеңіп алып, қола медаль мен дипломмен марапатталды.
Осы жетістіктердің нәтижесінде Дөң мектеп-гимназиясы облыстық деңгейде ұйымдастырылған “Орта білім беретін үздік ұйым” байқауында жеңіске жетіп, 13 000 000 теңге көлеміндегі сыйақы грантын ұтып алды. Бұл жеңіс – мектеп ұжымының қажырлы еңбегі мен жоғары кәсіби біліктілігінің айқын көрінісі.
Бүгінде Дөң мектеп-гимназиясында Еңбек Ері Қ.Қозбағаров атындағы “Тарихи-өлкетану” мұражайы жұмыс істейді. Бұл мұражай — жас ұрпақтың туған өлкесіне деген сүйіспеншілігін арттыруға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған ерекше жобалардың бірі.
“Жақсы адам ғана жақсы басшы бола алады” демекші, Абзал Еркінұлы – білім сапасын арттыруға өлшеусіз үлес қосып келе жатқан білікті басшы әрі ұжым мақтанышы. Оның ізденіске толы еңбегі әлі де талай белесті бағындыратынына сенімдіміз.
-
Фотографии
-