
ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ – БАСТЫ НАЗАРДА
28-сәуір – Бүкіләлемдік еңбекті қорғау күніне орай Алматы қалалық жергілікті «Ұстаз» кәсіподағы Наурызбай аудандық филиалында «Еңбек қауіпсіздігі – басты міндет» тақырыбында вебинар өткізілді.
ҚР Конституциясының 24-бабында қауіпсіз және гигиена талаптарына сай жағдайда еңбек ету құқы азаматтардың негізгі құқықтарының бірі ретінде бекітілген. Қазіргі таңда еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі еңбек қатынастары жүйесіндегі ең осал тұс. Мұның басты себептері – демографиялық жағдайдың төмендеуі, өлу деңгейінің туу деңгейінен асып түсуі, тұрғындар денсаулығының нашарлауы.
Мекемелер мен кәсіпорындардың басым көпшілігін тек өз-өзін сақтап қалуға мәжбүр еткен экономикадағы тығырықты құбылыстар еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін кейінгі орынға ығыстыруда.
Жұмыс уақытында өндірістік жарақат алу нәтижесінде жұмыс уақытын жоғалту, қаза болу сияқты жазатайым оқиғалардың көрсеткіштері бойынша Қазақстан алғашқы үштікте жүр.
Әлем бойынша кәсіппен байланысты өлім жағдайларының басты себебі кәсіби сырқаттар болып отыр.
Жыл сайын 28 сәуірде кәсіподақ ұйымдары Бүкіләлемдік еңбекті қорғау күніне арналған іс шаралар өткізеді. Вебинарда Халықаралық еңбек ұйымы Бүкіләлемдік еңбекті қорғау күнін барша әлемде жұмыс орындарындағы жазатайым оқиға мен кәсіби науқастанудың алдын алуға ықпал ету мақсатында атап өтетіндігі жайлы айтылды.
Алматы қалалық «Ұстаз» ұйымы