
ЖАС КЕЛСЕ - ІСКЕ
Болашағынан үміт күттіретін жас педагог – Ғайша Мукушева.
Ұстаздық – ұлы мамандық. Бұл жолды жүрек қалауымен таңдаған Мукушева Ғайша Нұрланқызы – білімі мен жаңашылдығы арқылы көзге түсіп жүрген жас маман. Ол 2001 жылы Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Қандыағаш қаласында дүниеге келген. Ұстаздар әулетінде тәрбиеленген Ғайша бала жастан ұстаз болуды армандап өсті.
2018 жылы Қандыағаш қалалық №2 мектепті үздік тәмамдап, Ақтөбедегі С.Бәйішев университетінде «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша білім алды. 2022 жылы жоғары оқу орнын сәтті аяқтап, Қандыағаш қаласындағы №3 мектеп-гимназиясында еңбек жолын бастады.
Ғайша Нұрланқызы еңбек жолын бастаған сәттен-ақ белсенділігімен және кәсіби шеберлігімен көзге түсті. Ол түрлі деңгейдегі байқаулар мен кәсіби іс-шараларға қатысып, бірнеше мәрте марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, ол Мұғалжар ауданы әкімінің Алғыс хатына, Ақтөбе облыстық “Дарын” өңірлік орталығының Құрмет грамотасына ие болды. Сонымен қатар, “Үздік Жас Ұстаз – 2023” номинациясының жеңімпазы атанып, “Үздік педагог – 2024” байқауында жүлделі II орынды иеленді. Облыстық дебат жетекшілері арасындағы сайыста да жүлделі II орынды қанжығасына байлады. Бұған қоса, 2024 жылы “Ұшқын” жас ұстаздар клубының төрағасы болып сайланып, жас педагогтардың көшбасшысына айналды.
Қазіргі таңда Ғайша Мукушева туған жеріндегі білім беру саласына өз үлесін қосып, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруге бар күшін жұмсап келеді.