
МЕКТЕПТІҢ ҒАСЫРЛЫҚ ТОЙЫНДА КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Ақтөбе облысының Алға ауданына қарасты Тамды ауылында ел тарихымен тамырлас, талай ұрпаққа білім мен тәрбие берген Тамды орта мектебінің 100 жылдық мерейтойы салтанатты түрде аталып өтті.
Мерекелік шараға облыстық және аудандық деңгейдегі қонақтар, мектеп түлектері, ардагер ұстаздар мен ата-аналар қатысты. Шара барысында мектеп тарихынан сыр шертетін көрме ұйымдастырылып, оқушылардың қатысуымен концерттік бағдарлама қойылды. Мектептің ғасырлық мерейтойы — елдің рухани, мәдени, білім беру саласындағы жарқын оқиғалардың бірі ретінде аталып өтті.
Атаулы шара аясында облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының өкілдері Айжарық Серімбетов пен Сандуғаш Дүйсенбаева арнайы қатысып, мектеп ұжымын мерейтоймен құттықтап, жүрекжарды тілектерін жеткізді. Олар өз сөздерінде Тамды мектебінің ғасырлық тарихы – тек білім шаңырағы ғана емес, ел болашағын тәрбиелеген ардақты ұстаздардың алтын ұясы екенін ерекше тілге тиек етті. Ұстаздардың табанды еңбегі мен жас ұрпаққа қосқан үлесі – кез келген марапатқа лайық екені айтылды. Сөз соңында облыстық кәсіподақ ұйымы атынан мектеп ұжымына 500 мың теңге көлеміндегі сертификат пен бірқатар ұстаздарға Құрмет грамоталары табысталды.
Сонымен қатар, Алға аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы Рита Еркусимова құттықтау сөз сөйлеп, мектеп ұжымына қаржылай сертификатты, шипажайға және тарихи-танымдық саяхатқа арналған жолдама табыстады. Бұл тартулар ұстаздар қауымына жасалып отырған жанашырлық пен қамқорлықтың жарқын көрінісі болды.
Мектептің дамуына үлес қосқан ардагер ұстаздар да назардан тыс қалмады. Олар кәсіподақ ұйымы тарапынан сый-құрметке бөленіп, мерейтойда құрмет төрінен орын алды. Ардагер ұстаздарға естелік сыйлықтар табысталды.
Тамды орта мектебінің 100 жылдығы – ауыл өміріндегі үлкен тарихи оқиға ғана емес, сонымен қатар жас ұрпаққа тағылым беретін, ұстаздық еңбектің маңызын айшықтайтын маңызды мереке ретінде есте қалды.