
КАДР МАМАНДАРЫНА АРНАЛҒАН ҚҰҚЫҚТЫҚ СЕМИНАР
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының Оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен саладағы түйткілдерді шешудің құқықтық әдіс-тәсілдерін зерделеуге арналған «Білім мекемелеріндегі кадрлық іс құжаттарды жүргізу тәжірибесі» тақырыбында семинар өтті. Іс-шараға Тараз қаласы мен аудандардағы білім беру мекемелерінің іс-жүргізушілері мен кадр қызметінің мамандары қатысты.
Келелі жиынды Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков ашып, семинар барысымен таныстырды. Мұнан соң «Кәсіподақ мүшелігінің тиімділігі неде?» деген тақырып аясында сөз қозғап, ауқымды баяндама жасады. Баяндамашы «Кәсіподақ дегеніміз не?» деген қарапайым сұрақты қоя отырып, қатысушыларды еркін пікір алмасу алаңында ойын жетелей түсті. Бұл амал көпшіліктің белсенділігін арттырып қана қоймай, өз ой-пікірін еркін жеткізуге алып келді. Кәсіподақтың дербес және тәуелсіз қоғамдық ұйым екенінен бастап барлық сан-салалы бағыты мен бағдары көтеріліп, құқықтық түсінік берілді.
Келесі кезекте Жергілікті кәсіподақтың құқықтық қызмет басшысы Әлия Джолшибекова «Білім мекемелеріндегі кадрлық іс-жүргізуді Ұжымдық шарт пен Келісімдер негізінде жүргізу тәртібі» тақырыбын тарқатып айтты. Модератор кадрлық іс-жүргізу, ұжымдық шарт талаптарын қолдану бойынша құқықтық түсінік бере отырып, кейбір мәселелерді мысалдармен түсіндірді. Көп жағдайда мекеме басшылары Еңбек шартын, Ұжымдық шарт нормаларын жақсы білмегендіктен құқық талаптарын өрескел бұзып, заңсыздықтарға жол беретіні айтылды.
Төраға орынбасары Жанболат Орынбеков «Педагог қызметкерлердің жұмыс және демалыс уақытының режимі» туралы баяндады. Баяндамашы ең алдымен жұмыс уақыты ұғымына, лауазымдық міндеттерге, ішкі тәртіп ережесіне, еңбек заңына тоқталды. Сұрақ-жауап бөлімінде жиын модераторлары семинар барысында жүргізілген сауалнамадағы және залдан қойылған сұрақтарға заң шеңберінде жауап берді.
«Біз бүгінгі семинарда көп мәселенің басын ашып, барынша құқықтық түсінік бердік. Бұл басқосудың басты мақсаты – біз шеше алмай келген мәселенің жолдарын бірге қарастырып, бірге шешімін іздестіру, бағыт-бағдарын бірге қарау. Бүгінгі семинардан Ұжымдық шартты жан-жақты меңгеріп шыққан боларсыздар. Бұл семинарда жалған мәлімет, тексерілмеген ақпарат таратылған жоқ. Біз сіздерге барынша ашық ақпарат, құқықтық сауаттылыққа бағыт-бағдар бердік» деп атап өткен Ерұлан Мағзымбеков семинарды қорытындылай келе қатысушыларға арнайы сертификаттар тапсырды.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фотографии
-