
АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ҰЙЫМЫНЫҢ ПЛЕНУМЫ: ЖАҢА МІНДЕТТЕР МЕН ЖАҢАРУ ЖОСПАРЫ
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы кезекті Пленум отырысын өткізді. Жиын барысында салалық кәсіподақ қызметінің негізгі бағыттары мен алдағы кезеңге арналған міндеттері талқыланды. Пленумға облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы, аудандық және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, аппарат мүшелері қатысты.
Пленумда үш өзекті мәселе күн тәртібіне қойылып, олар бойынша мазмұнды баяндамалар тыңдалып, ұсыныстар қаралды.
Бірінші мәселе – Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының XV Съезінде қабылданған шешімдер мен 2024–2029 жылдарға арналған бағдарламаны іске асыру бағытында Ақтөбе облыстық кәсіподақ ұйымы қызметінің тиімділігін арттыру шаралары туралы болды. Аталған мәселе бойынша облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Раушан Серікова жаңа бағдарламаның басым бағыттарына тоқталып, олардың өңірлік деңгейде жүзеге асырылу тетіктерін атап өтті. Облыстық ұйым көшбасшысы кәсіподақ қозғалысының заманауи талаптарға сай жаңғыруы, еңбек адамының мүддесін қорғаудағы нақты істер, білім беру саласындағы әлеуметтік әріптестік пен құқықтық қорғау бағыттарының дамуы туралы егжей-тегжейлі баяндап берді.
Сонымен қатар, төраға Раушан Серікова кәсіподақ мүшелерінің кәсіби мүдделерін қорғау, еңбек қатынастарында туындайтын мәселелерді тиімді шешу, жастарды кәсіподақ қозғалысына тарту, бастауыш ұйымдардың белсенділігін арттыру секілді негізгі бағыттарды іске асыру бойынша нақты ұсыныстар мен алдағы жоспарлармен бөлісті. Баяндамашы кәсіподақ жұмысының тиімділігін арттыру үшін ұйымдастыру-әдістемелік жұмыстарды күшейту, кадрлық әлеуетті арттыру, цифрлық технологияларды енгізу қажеттігін де атап өтті.
Екінші мәселе бойынша облыстық кәсіподақ ұйымының Атқару комитетінің құрамына өзгерістер енгізу туралы облыстық кәсіподақ ұйымының маманы Айжарық Серімбетов баяндады. Содан соң «Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Орталық комитеті құрамына өзгеріс енгізу туралы мәселесі қаралды. Бұл жайында Айжарық Серімбетов ұсынылған кандидатура мен өзгерістердің негіздемесі туралы баяндады.
Пленумда қаралған барлық мәселелер бойынша қатысушылар белсенді пікір білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды. Талқылау қорытындысы бойынша шешімдер қабылданып, оларды жүзеге асыру бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының бас маманы, құқықтық еңбек инспекторы Александр Алимпиев білім саласындағы әлеуметтік әріптестік келісім, ұжымдық шарттың мазмұны мен маңыздылығы туралы жан-жақты баяндап берді.
Баяндамашы әлеуметтік әріптестіктің жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы өзара тиімді қарым-қатынасты қалыптастырудағы маңызын атап өтіп, кәсіподақ ұйымының бұл бағыттағы атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды.
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының еңбекті қорғау мәселелері жөніндегі маманы Нұрлан Жетпісбай еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуы және еңбек процесінде орын алатын жазатайым оқиғалардың себептері туралы баяндады. Ол нақты мысалдар келтіре отырып, жазатайым оқиғалардың алдын алу шараларына тоқталып, жұмыс беруші мен қызметкердің еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жауапкершілігіне назар аударды.
Кәсіподақ заңгерінің айтуынша, қауіпсіз еңбек жағдайын жасау – жұмыс беруші мен қызметкердің ортақ міндеті, ал кәсіподақ тарапынан бұл бағытта үнемі бақылау жүргізіліп отырады.
Жиын соңында облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Раушан Серікова әріптестеріне алғыс айтып, ортақ мақсат жолында бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Пленум білім және ғылым қызметкерлері мүддесін қорғау бағытында кәсіподақтың атқаратын жұмыстарының өзектілігін тағы бір мәрте айқындап берді.
Пленумнан кейін Қазақстандағы салалық кәсіподақ қозғалысын дамыту мен нығайту ісіне елеулі үлес және кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғауға жеке үлес қосқан кәсіподақ аппаратының қызметкерлері марапатталды.
-
Фотографии
-