
ҰСТАЗДАР АРАСЫНДА ҰЛТТЫҚ ОЙЫННАН ҮЗДІКТЕР АНЫҚТАЛДЫ
15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне орай Ақтөбе облысының Мұғалжар аудандық білім бөлімі мен білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының ұйымдастыруымен білім беру қызметкерлері арасында ұлттық ойын – «Бес асық» жарысы өтті.
Ұлттық дәстүрді насихаттап, ұстаздар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту, салауатты өмір салтын қолдау мақсатында ұйымдастырылған жарысқа аудан мектептерінен 40-қа жуық педагог қатысты. Шарада қатысушылар өз шеберліктерін көрсетіп, асық ату өнерінің түрлі тәсілдері бойынша бақ сынасты.
Жарыс қорытындысы бойынша:
І орын – №1 Қандыағаш қалалық жалпы білім беретін орта мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі Айнұр Бұхарбаева жеңімпаз атанды.
ІІ орынға №3 Ембі қалалық жалпы білім беретін орта мектебінің мұғалімі Ринат Болтаева мен №4 Қандыағаш қалалық ЖББОМ-нің мұғалімі Гаухар Өтепова ие болды.
ІІІ орынды №4 Қандыағаш қалалық жалпы білім беретін орта мектебінің мұғалімі Анар Сағынова және №5 Қандыағаш қалалық жалпы білім беретін орта мектебінің педагог-психологі Әлия Аманияз иеленді.
Сондай-ақ жарыс барысында ерекше ойын үлгісін көрсеткен қатысушылар арнайы номинациялармен марапатталды. «Үздік ойыншы» номинациясы №1 Қандыағаш қалалық жалпы білім беретін орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Орынша Есендіковаға, «Көрермен көзайымы» номинациясы Қандыағаш қалалық №3 мектеп-гимназиясының дене шынықтыру пәні мұғалімі Жадыра Бердібаеваға, ал «Сүйрік саусақ» номинациясы Жаңажол жалпы білім беретін орта мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі Дидар Каужимоваға берілді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен сыйлықтарды Мұғалжар аудандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Жұмагүл Жұмабаева табыстап, жылы лебізін білдірді.
Бұл шара – ұлттық ойындарды дәріптеу арқылы ұстаздар арасында өзара қарым-қатынасты арттыру мен рухани мәдениетті нығайтудың жарқын үлгісі болды.