
АҚТӨБЕЛІК ПЕДАГОГ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ДОДАДА КӘСІБИ ШЕБЕРЛІГІН ДӘЛЕЛДЕДІ
Жуырда Қызылорда қаласында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтарына арналған республикалық кәсіби шеберлік чемпионаты өтті. Аталған байқау “Плиткамен қаптау” құзыреттілігі бойынша ұйымдастырылып, еліміздің түкпір-түкпірінен келген тәжірибелі ұстаздар өзара бақ сынасты.
Чемпионатқа Қазақстанның 8 облысынан келген өндірістік оқыту шеберлері мен арнайы пәндер оқытушылары қатысып, құрылыс саласына қатысты заманауи әдістер мен өздерінің кәсіби машықтарын көрсетті. Бұл байқау — техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы педагогтердің тәжірибе алмасуына, біліктілігін арттыруына және өз саласына деген сүйіспеншілігін дәріптеуге бағытталған маңызды алаң болды.
Осы додада Ақтөбе облысы атынан қатысқан Ақтөбе құрылыс-техникалық колледжінің өндірістік оқыту шебері, кәсіподақ мүшесі Әбдулямитов Ғанибек Ғалымбекұлы жүлделі үшінші орынды иеленіп, облыс абыройын асқақтатты. Оның кәсіби дайындығы, еңбекке деген жауапкершілігі мен салаға адалдығы төрешілер тарапынан жоғары бағаланды.
Чемпионат аясында қатысушылар заманауи құрал-жабдықтармен жұмыс істеу, плиткамен дәл әрі сапалы қаптау, уақытты тиімді пайдалану секілді бірқатар критерий бойынша сынға түсті. Ғанибек Ғалымбекұлы бұл тапсырмаларды сәтті орындап, өзінің жоғары шеберлігін дәлелдеді.
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы ұйымынан атынан Ғанибек Ғалымбекұлын шын жүректен құттықтай отырып, алдағы жұмысына табыс, шығармашылық шабыт және толағай жетістіктер тілейміз.
-
Фотографии
-