
ФОРУМ САЛАЛЫҚ КӘСІПОДАҚТЫҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛДЫ
Ақтөбе облысының Шалқар аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының жанынан құрылған Жастар кеңесінің ұйымдастыруымен «Бір мақсат, бір мүдде: жас маман мен кәсіподақ ынтымақтастығы» жастар форумы өтті. Форумға ауданның 50-ге жуық білім беру ұйымынан 100-ге жуық жас маман қатысты.
Аудандық форумның басты мақсаты – жас мамандардың кәсіби және шығармашылық дамуына жағдай жасау, кәсіподақпен бірлесе жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру.
Айта кетейік, бұл форум Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының 100 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылды.
Форумның ресми бөлімі Шалқар аудандық білім бөлімінің басшысы Аянберген Башановтың алғысөзімен ашылды. Одан кейін Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының бас маманы Айжарық Серімбетов қатысушыларды құттықтап, кәсіподақтың жастармен атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндады. Ол кәсіподақ ұйымының басты мақсаты – жастардың құқықтық және әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ете отырып, олардың кәсіби дамуына жағдай жасау екенін атап өтті.
Форум бағдарламасы бойынша “ОйланIQ” танымдық-зияткерлік алаңы ұйымдастырылып, жас мамандар топпен логикалық және зияткерлік тапсырмалар орындау арқылы ұжымдық шешім қабылдау, сындарлы ойлау, шығармашылық көзқарас таныту дағдыларын көрсетті. Қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, жаңа идеялармен бөлісіп, кәсіби дамуға серпін алды. Сондай-ақ, форумда қатысушыларына арналған сурет салу арқылы шеберлік сағаттары өткізілді.
Басқосу соңында ауданның белсенді жастары аудандық кәсіподақ ұйымының және аудандық білім бөлімінің Алғыс хаттарымен, облыстық кәсіподақ ұйымының Құрмет грамоталарымен марапатталды. Сондай-ақ, үздік жас мамандарға Ақтөбе облыстық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымы мен облыстық білім басқармасының бірлескен марапаттары және Бурабай өңіріне тарихи-танымдық саяхатқа жолдамалар табысталды. Ал, “ОйланIQ” танымдық-зияткерлік алаңында жеңімпаз атанған командаларға аудандық кәсіподақ ұйымының ақшалай сыйақы сертификаттары берілді.
Ғасырлық тарихы бар кәсіподақ қозғалысының ізгі дәстүрін жалғастырып келе жатқан жастардың белсенділігі мен ынтымағы осы басқосуда ерекше байқалды. Форум барысында өткізілген түрлі шаралар жас мамандарға тың серпін беріп, кәсіподақтың рөлін тереңірек түсінуге, ұйым жұмысына қызығушылық танытуға жол ашты. Сондай-ақ, аудандық форум – жас мамандар мен кәсіподақ арасындағы байланысты нығайтып, қоғамның дамуына өз үлесін қосуға ниетті жас буынның басын қосқан маңызды алаң болды.