
ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ
Ұстаз – болашақтың іргетасын қалаушы, жас ұрпақты тәрбиелеу мен білім берудегі жауапты мамандық иесі. Осындай ұлы миссияны абыроймен атқарып келе жатқан білікті педагог – Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Сапақкөл орта мектебінің физика пәнінің мұғалімі Оразғалиева Индира Бегімсалқызы.
Индира Бегімсалқызы 1973 жылы 17 маусымда Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы, Қараой елді мекенінде дүниеге келген. 1980–1990 жылдары Сапақкөл орта мектебінде білім алып, 1990 жылы Ақтөбе педагогикалық институтына оқуға түседі. 1996 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетін «Химия және биология пәндерінің мұғалімі» мамандығы бойынша аяқтап, ұстаздық жолын 1997 жылы өзі түлеп ұшқан Сапақкөл мектебінде бастайды.
Индира Бегімсалқызы тек пән мұғалімі ретінде ғана емес, басқарушылық қабілетімен де көзге түсті. 2001–2010 жылдары мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, ал 2010–2015 және 2022–2025 жылдар аралығында оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды. Бұл кезеңдерде ол білім сапасын арттыруға, оқу-тәрбие үдерісін тиімді ұйымдастыруға өз үлесін қосты.
Ізденуден жалықпайтын ұстаз 2018–2020 жылдары Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде екінші жоғары білім алып, «Физика» мамандығын игерді. Қазіргі таңда ол – физика пәнінің сарапшы санатындағы мұғалімі.
Ұлағатты еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Индира Бегімсалқызы 2011 жылы Ақтөбе облысының білім басқармасының Құрмет грамотасымен, 2021 жылы Алғыс хатымен марапатталды. Бұл марапаттар – оның кәсіби шеберлігі мен білім беру саласына сіңірген еңбегінің дәлелі.
Индира Бегімсалқызы – ұстаздықпен қатар, отбасында да бақытты ана. Үш бала тәрбиелеп отырған ардақты жан.