
АТЫРАУДА КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ
23 мамыр күні, «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығы» РМҚК әкімшілігі және бастауыш кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен «Сарайшық» сапар орталығында «Сары айдың сәулесінде...» музей түні өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – мәдени мұраны дәріптеу, тарихқа қызығушылықты арттыру және музей кеңестігін заманауи форматта халыққа қолжетімді ету. Шара барысында келушілерге арналған мазмұнды әрі қызықты бағдарлама ұйымдастырылды. Бағдарлама аясында Ресей, Моңғолия және Қырғызстаннан және т.б. көршілес ауыл-аудандардан келген қонақтар наразына театрландырылған қойылымдар, концерттік бағдарламалар, спорттық ойындар (асық ату, арқан тарту, гир көтеру), шахмат турнирі, қолөнер шеберлерінің шеберлік сағаттары өткізілді. Оларды есімдері көпке белгілі шахматшы Сабырбай Гайсин, суретшілер Қамбарбек Аманов, Айса Отаралиев, Отарбай Кендір жүргізді. Сонымен қатар, қолөнер туындылары мен ұлттық тағамдар жәрмеңкесі және сауда саттық алаңы қойылды.
Салтанатты жиынды музей директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Мұқтар кіріспе сөз сөйлеп ашты. Ресей қазақтарының мәдениет қоғамы «Жолдастық» төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Бекмұханов, «ЕДІГЕ» ноғай мәдени орталығы Астархань облыстық жастар қоғамдық ұйымының төрағасы Ильдар Альмухамедов сөз сөйлеп, музей орталығына ескерткіш сыйлықтар табыс етті.
«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, тарих ғылымдарының кандидаты Қылышбай Сүндетұлы бір топ кәсіподақ мүшелеріне Алғыс хаттар мен аға ғылыми қызметкер Аманкелді Жұмабаевқа ескерткіш сыйлық табыс етті.
Музейде өткен сол күнгі кеш келушілердің есінде ұмтылмас естеліктер мен жарқын әсер қалдырған шара болып қалды.
«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ баспасөз қызметі
-
Фотографии
-