
ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ
Ұстаз – ұлы тұлға. Әрбір оқушының бойындағы қабілетін ұштап, оны үлкен мүмкіндіктерге жетелейтін ұстаз Досмағамбетова Айым Шынбайқызы сондай жандардың бірі. Ол Шалқар қаласындағы №6 жалпы білім беретін мектептің тарих пәні мұғалімі, «Креатив» жетекші мектебінің координаторы және облыстық ассоциация кеңесінің мүшесі.
Айым Шынбайқызы 2003 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін тәмамдап, 2006 жылдан бері білім беру саласында еңбек етіп келеді. Ұстаздықты өмірлік мұрат тұтқан ол – жаңашыл, шығармашыл, ұлттық құндылықтарды дәріптей білетін педагог.
Сабақтарында заманауи технологияларды, зерттеуге негізделген оқыту әдістерін, цифрлық ресурстарды шебер қолдана отырып, оқушылардың қызығушылығын оятады. Тарихты оқытуда сыни ойлау, функционалдық сауаттылық, картографиялық дағдылар сынды маңызды бағыттарды жетілдіруге басымдық береді.
Айым Шынбайқызы – облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі кәсіби байқаулар мен семинарларға белсене қатысатын ізденімпаз маман. Оның іс-тәжірибесі Назарбаев зияткерлік мектептері, «Өрлеу» БАҰО, «Ақтөбе-Дарын» секілді беделді ұйымдар аясында жоғары бағаланып келеді.
Ол шәкірт жетістігі арқылы ұстаз мерейін асқақтататын нағыз тәлімгер. Оқушылары жыл сайын республикалық, халықаралық олимпиадалар мен зияткерлік байқауларда жүлделі орындарға ие болып жүр. Бұл ұстаз еңбегінің нақты жемісі.
Жоғары ұйымдастырушылық қабілетімен, кәсіби құзыреттілігімен, әріптестер мен ата-аналар арасындағы беделімен ерекшеленетін Айым Шынбайқызы – өз ісінің шын мәніндегі шебері.