
КӘСІПОДАҚ ПЕН ЖАС МАМАНДАР: ҒАСЫРЛЫҚ ДӘСТҮР ЖАЛҒАСУДА
Ақтөбенің Мұғалжар ауданында білім беру саласындағы жас мамандар мен кәсіподақ ұйымының Әйтеке би, Ойыл, Шалқар, Қарғалы, Байғанин, Алға аудандарындағы жас көшбасшыларын біріктірген ерекше форматтағы шара өтті. «Кәсіподақ жастары: Тарих. Бірлік. Болашақ» атты нетворкинг алаңы – ғасырлық тарихы бар кәсіподақ қозғалысының жаңа буынмен байланысын нығайтуды, бірлік пен серіктестікті дамытуды мақсат етті.
Аталған басқосу Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының 100 жылдығы мен Кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығы аясында ұйымдастырылды. Іс-шара жас мамандарға кәсіподақ қызметінің маңызын ұғындырып, олардың бастамаларына қолдау білдіру, тәжірибе алмасу, болашаққа бағытталған жаңа жобаларды талқылау алаңына айналды.
Күн тәртібі «Инновациялық бастамалар мен білім берудегі жаңашыл жобалар» сессиясымен ашылды. Жас ұстаздар Әділбек Батырбек, Ақерке Жақас және Сәнім Отарова өз мектептерінде жүзеге асырып жатқан тың жобаларымен бөлісті. Бұл жобалар жас мамандардың шығармашылық ізденістерінің, білім беру саласындағы жаңашыл көзқарастарының айғағы болды.
Жиналғандар назарына салалық кәсіподақтың ғасырлық тарихынан сыр шертетін деректі фильм ұсынылды.
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы Раушан Серікова шараның салтанатты ашылуында сөз сөйлеп, білім саласындағы кәсіподақ қозғалысының маңызына тоқталды. Сонымен қатар облыстық ұйым басшысы жастардың белсенділігі ерекше атап өтіп, кәсіподақ ұйымының жас мамандарды қолдауға, олардың кәсіби дамуына және әлеуметтік қорғалуына жан-жақты жағдай жасап келе жатқанын ерекше атап өтті.
- Бүгінші шара – еліміздің білім саласында еңбек етіп жүрген жас мамандар мен көшбасшыларды бір арнаға тоғыстыратын, оларды тың идеяларға жетелейтін, тәжірибе алмасуға, пікір бөлісуге мүмкіндік беретін маңызды алаң. Бүгінгі шараның атауының өзі – біздің стратегиялық бағдарымызды айқын көрсетіп тұр: өткенімізді ұмытпай, бірлігімізді бекемдеп, келешекке сеніммен қадам басу. Биылғы басқосуымыз – ерекше тарихи мәнге ие. Өйткені ол Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының 100 жылдығы мен Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығы аясында ұйымдастырылып отыр. Бұл – ғасырлық жолды еңсерген кәсіподақ тарихының тағылымын жаңаша пайымдайтын, келер буынмен сабақтастыратын маңызды кезең. Қай кезеңде де елдің дамуы мен өркендеуіндекөшбасшы буынның рөлі орасан зор болған. Жас көшбасшы – тек лауазым мен атақ емес, ол – жауапкершілік пен ұмтылыстың, сенім мен табандылықтың символы. Осында отырған әрбір жастың бойынан сол қасиеттерді көреміз. Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымы әрдайым жас буынды қолдап, олардың кәсіби және қоғамдық әлеуетін арттыру жолында жүйелі жұмыс жасап келеді. Бүгінгі шара – сол мақсаттағы нақты қадамдардың бірі. Тарихтан тағылым алып, бірлікті ту еткен жастар ғана болашақты баянды ете алады. Сондықтан осы жиында көтерілетін әрбір ой, айтылатын ұсыныс, ортаға салынатын бастама – білім саласының дамуында маңызды орын алады деп сенемін- деді Р.Серікова.
Сөз соңында Раушан Серікова салалық кәсіподақтың жастарға үлкен үміт артатынын жеткізіп, бірқатар үздіктерді марапаттады. №4 Қандыағаш қалалық жалпы білім беретін орта мектебінің директоры Гүлмира Мусина “Әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін” төсбелгісімен және Сағашилі жалпы білім беретін орта мектебі Гүлмира Махамбетова мен Әйтеке би аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының жанынан құрылған Жастар кеңесінің төрағасы Саламат Саймов «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Өз кезегінде Саламат Саймов кәсіподаққа алғысын жүрекжарды өлеңмен жеткізді. Сонымен қатар, Мұғалжар ауданының үздік жас мамандарына облыстық ұйым тарапынан Бурабай өңіріне тарихи-танымдық саяхат жолдамалар табысталды.
Жастармен өткен басқосуда аудан әкімінің орынбасары Әкімжан Есенаманов пен аудандық білім бөлімінің басшысы Бахраман Аманжол сөз сөйлеп, аудандағы білім саласындағы жастарға жүрекжарды тілектерін жеткізді. Олар жастардың белсенділігі мен шығармашылығына жоғары баға беріп, ел болашағы білімді де ізденімпаз ұрпақтың қолында екенін атап өтті.
Одан соң «100 жылдық із – жас ұрпаққа үлгі» тақырыбында Мұғалжар аудандық кәсіподақ төрағасы Жұмагүл Жұмабаева баяндама жасады. Ол өз сөзінде кәсіподақтың ғасырлық тарихы мен жетістіктерін атап өтіп, оның бүгінгі жастарға берер тәлім-тәрбиелік маңызына ерекше тоқталды. Сөз соңында Жұмагүл Жұмабаева аудан жастарына бірқатар марапаттар табыстап, олардың белсенділігі мен еңбектеріне сәттілік тіледі.
Форум аясында жастар «Жас көшбасшылар: жаңа байланыстар, жаңа мүмкіндіктер» атты панельдік алаңда бас қосты. «Ұшқын» жас ұстаздар қауымдастығының төрағасы Ғайша Мукушева қатысушыларды ұйым жұмысына белсенді араласуға шақырып, нақты қадамдар ұсынып, болашақ жобаларға серіктес болуға үндеді.
Кәсіподақ жастары үшін бұл басқосу – тек кәсіби кездесу емес, өзара сенім мен бірлікке негізделген жаңа бастамалардың бастауы болды. Шара барысында қатысушылар Мұғалжар ауданының тарихи-танымдық мұражайына барып, Көтібар батыр кесенесіне тағзым етті. Сонымен қатар, «Ата-баба рухына тағзым – табиғатты аялау» экологиялық акциясы шеңберінде ағаш отырғызып, бұлақтан су алды. Бұл қадамдар тарихпен сабақтастықты, ұрпақтар үндестігін және табиғатқа жауапкершілікті насихаттады.
Түскі үзілістен кейін шара Ақкемер жалпы білім беретін орта мектебінің жұмысымен танысумен жалғасты. Бұдан соң «Білім саласы кәсіподағына – 100 жыл» атты QUIZ зияткерлік ойыны ұйымдастырылды. Қатысушылар топтасып жарысып, тартысты әрі қызықты ойын өрбіді. Ашық форматта өткен басқосу еркін әңгіме, өзара тәжірибе алмасу мен мотивациялық бағытта жалғасты.
Шара соңында облыстық кәсіподақ ұйымы тарапынан Ақкемер жалпы білім беретін орта мектебінің 6 қызметкеріне емдеу-сауықтыру орталықтарына және тарихи-танымдық саяхатқа жолдамалар табысталды. Сондай-ақ белсенді жастарға аудандық және облыстық ұйым тарапынан Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар берілді.
«Кәсіподақ жастары: Тарих. Бірлік. Болашақ» – бұл жай ғана алаң емес, ортақ құндылықтар төңірегінде біріге білген жастардың, кәсіподақтың және білім саласы өкілдерінің болашаққа сенімді қадамы. Бұл басқосу ғасырлық тарихы бар кәсіподақ қозғалысының ізгі дәстүрін жалғастырып келе жатқан жас буынның ұйымға деген қызығушылығының, ынтымағының көрінісі болды.
-
Фотографии
-