
ТИІМДІ КЕЗДЕСУ
Шығыс Қазақстан облысы оқу-ағарту, жоғары білім, ғылым және басқа бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының өкілдері төраға Назгүл Қасенованың басшылығымен Зайсан ауданына барды. Сапар барысында Назгүл Қасенова мен Зайсан ауданы білім беру қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төрағасы Кабиолда Сайранов, аудан әкімі Аэлита Ахметсәлімқызымен, әкім орынбасары Ришат Сағибекұлымен және маслихат төрағасы - Еркебұлан Серікұлымен кездесті.
Кездесу барысында білім беру саласындағы қызметкерлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайы, еңбек жағдайлары мен құқықтарын қорғау мәселелері талқыланды. Назгүл Қасенова облыс көлеміндегі білім беру ұйымдарындағы кәсіподақ жұмысының ерекшеліктеріне тоқталып, жетістіктері туралы айтты.
Аудан әкімі Аэлита Ахметсәлімқызы кәсіподақ өкілдері сапарының маңыздылығын айтып, аудан әкімдігінің әлеуметтік сала қызметкерлерінің жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстарды қолдайтынын жеткізді. Ришат Сағибекұлы өз кезегінде аудандағы білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет ұйымдарының жұмысымен таныстырып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Еркебұлан Серікұлы мәслихат депутаттарының әлеуметтік сала қызметкерлерінің мәселелерін шешуге бағытталған жұмыстарына тоқталып, кәсіподақпен бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екендіктерін білдірді.
Кездесу соңында тараптар өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға, әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбек жағдайларын жақсартуға бағытталған бірлескен жұмыс жоспарын құруға келісті. Назгүл Қасенова аудан басшылығына жылы қабылдағаны үшін алғысын білдіріп, алдағы уақытта да тығыз байланыста жұмыс істеуге дайын екендігін жеткізді. Сапар барысында бірқатар білім беру ошақтарына барып, қызметкерлермен тілдесті.
-
Фотографии
-