
КӘСІПОДАҚ ЖҰМЫСЫ: НӘТИЖЕЛЕР, МАРАПАТТАР ЖӘНЕ ЖАҢА БАСТАМАЛАР
Ақтөбенің Мұғалжар ауданындағы №1 Ембі қалалық жалпы білім беретін орта мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымы 2024–2025 оқу жылындағы жұмысын қорытындылап, жылдық есеп беру жиынын өткізді. Ұйым төрағасы Назгүл Бақтығалиева есеп беру жиыны барысында атқарылған жұмыстар жөнінде жан-жақты мәлімет берді.
Жиында еңбек қатынастары, құқықтық және әлеуметтік қолдау, қаржылық есептер бойынша мәлімет ұсынылып, кәсіподақ мүшелерінің пікірі мен ұсыныстары тыңдалды. Сонымен қатар, алдағы кезеңге жоспарланған іс-шаралармен де бөлісті.
Жыл бойы қоғамдық және кәсіподақтық іс-шараларға белсене қатысқан мүшелер ұйым тарапынан марапатталып, олардың еңбегі лайықты бағаланды. Есеп беру жиыны ұжым ішіндегі ынтымақтастықты арттырып, ашық пікір алмасу алаңына айналды.
Ұжым мүшелері арасындағы байланысты нығайту, бірлік пен командалық рухты дамыту мақсатында тимбилдинг шарасы ұйымдастырылды. Тимбилдингке қатысушылар түрлі тренингтер мен ойындарға белсене қатысты. Жарыс қызу тартысқа толы өтіп, қатысушы командалар Мұғалжар аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының қолдауымен бағалы сыйлықтарға ие болды.