
«ДАҢҚ» ЗАЛЫНДАҒЫ ДӘРІПТІ ДИДАРЛАСУ
Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына орай Тараз қаласындағы Жеңіс саябағының «Даңқ» залында Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы, жазушы Бауыржан Момышұлының музейі ашылған болатын. Бұл игі іс Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, Баукеңнің келіні Зейнеп Ахметова мен немере інісі Бекет Момынқұлдың бастамасымен жүзеге асқан болатын.
Музей жетекшісі Бекет Момынқұлдың айтуынша бүгінде музейде Баукеңнің өмір және шығармашық жолымен танысуға арнайы келетіндердің қатары көп. Соның бірі ретінде Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ерұлан Мағзымбеков те музейге арнап келіп, Бекет Әбділдәұлының бастамасына қолдау білдіріп, мұражай жәдігерлерімен танысты.
- Сіздің төл әдебиетіміз бен журналистика саласына қосқан үлесіңіз зор. Елге сіңірген еңбегіңізді аймақ жұрты жақсы біледі. Енді, міне, қазаққа ортақ тұлға – Бауыржан Момышұлының музейін Тараз қаласына көшіріп, жаңаша жабдықтадыңыз. Бұл бастамаңызды қолдаған, қуаттаған жұрттың үміті ақталды. Әрі өзіңіз биыл 70 деген белесті бағындырып, жазушылар мен журналистер ортасында үлкен құрметке бөленіп жатырсыз. Осы қуаныштардың бір арнада ұштасып, игі істе түйіскені қуанарлық іс болды, - деп атап өтті өз сөзінде Ерұлан Сәбенұлы.
Ал Бекет Әбділдәұлы осы істі қалай жүзеге асырғанын бастан-аяқ баяндай келіп, әр жәдігермен жеке таныстырып шықты. Жалпы мұражайда батыр Баукеңнің әулет шежіресінен бастап, әскери өмірімен толық таныса аласыз. Музейде майдангердің «Маузер» тапаншасы да тұр. Оны ол көзі тірісінде өз қолымен облыстық тарихи-өлкетану музейіне тарту еткен. Сондай-ақ, мұражайдан жанынан тастамаған қылышының көшірмесін де көруге болады. Жеке заттарынан жазу үстелі, жарық шамы, компасы мен пианиносы да бар. Осы жерден Кеңес Одағының Батыры Алтын жұлдызы мен Ленин орденінің көшірмелері, айдаһар бейнеленген қылышы, сондай-ақ сирек кітаптары мен суреттері де қойылған.
Көрменің бірегей жәдігері – Бауыржан Момышұлы Қызыл Армия қатарына алғаш шақырылған 1932 жылы және запасқа шығып, елге оралған 1956 жылы өзімен бірге болған чемодан мен соғыс кезіндегі батальон, полк, дивизияның құпия құжаттары сақталған темір сейф. Жауынгердің жастық шағынан сыр шертетін суреттері де көп. Жалпы облыс әкімдігінің қолдауымен ашылған музейге 230 жәдігер қойылған.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фотографии
-