АДАМНЫҢ АДАМШЫЛЫҒЫ – ЖАҚСЫ ҰСТАЗДАН
«Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» деп француз ойшылы Жан Жак Руссо айтпақшы, ұстаздардың еңбегі ерен. Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, тұлға тәрбиелеп шығару – екінің бірінің қолынан келе де бермейтін іс. Ұстаз болу – жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын баланың бойына дарыту. Бүгінде осы талаптан шыға білген ұстаздың бірі – Жамбыл облысы, Қордай ауданындағы №4 Балжан Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейдің тарих пәнінің мұғалімі, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Ботагөз Абайқызы Сатубалдиева.
Бүгінгі күні 61 деген жасты бағындырып отырған Ботагөз Абайқызы 1964 жылы 13 мамырда Жаңатұрмыс ауылында дүниеге келген. Ауылдағы орта мектепті тәмамдаған соң 1982 жылы Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтына «Тарих және советтік мемлекеттік право мұғалімі» мамандығы бойынша түсіп, 1987 жылы тәмамдайды. Осы жылы еңбек жолын Қордай ауданына қарасты қазіргі Қарасай батыр ауылындағы Алмалы орта мектебінде бастайды. Бұдан кейін көршілес Қырғыз Республикасындағы білім ошақтарында мұғалімдік қызмет атқарады, ал 2008 жылдан бүгінгі күнге дейін №4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейде қызмет атқарып келеді.
Ботагөз Абайқызы жоғары санатты көшбасшы мұғалім. Педагогтің дайындаған шәкірттері көптеген білім сайыстарында топ жарып, үздік нәтиже көрсетуде. Ол оқушыларының білімді, тәрбиелі әрі қоғамдық өмірде бәсекеге қабілетті болуына аянбай үлесін қосуда. Тәжірибелі ұстаздың шәкірттері қазіргі уақытта Қазақстанның түкпір-түкпірінде әртүрлі салаларда жемісті еңбек етуде. Ол өз шәкірттеріне тек білім беріп қана қоймай, олардың рухани және патриоттық тәрбиесіне де зор үлес қосып келе жатқан ұлағатты ұстаз. Ол өзінің қарапайымдылығымен қоса өр мінезді, принципшіл, өмір жолындағы ақ пен қараны ажырата алатын, жүрегі патриоттық рухқа толы жан. Студент кезінде Алматыда оқып жүрген сонау 1986 жылы «Желтоқсан оқиғасына» қатысып қазақ елінің намысы үшін қарсылық көрсетушілер қатарында болды. Оған өткен жылы «Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін» медалі тапсырылған еді.
Отбасында Ботагөз Абайқызы екі ұл және бір қыз тәрбиелеп, олардан немере сүйіп отырған әз ана, аяулы әже. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, ұлағатты ұстаздың атына қандай мадақтаулар айтсаң да жарасады. Біз өзіміздің әріптесімізді зейнет демалысына шығуымен құттықтай отырып оған зор денсаулық, отбасына амандық тілейміз!
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының Қордай аудандық комитеті.