
ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ЖЫЛЫ: АСПАЗ – АБЫРОЙЛЫ МАМАНДЫҚ
Әр мамандықтың өз қыры мен сыры бар. Солардың бірі – аспаздық. Күнделікті тіршілікте ас әзірлеуші маман ретінде танығанымызбен, оның қоғамдағы орны мен еңбегі көбіне назардан тыс қалып жатады. Алайда, аспаздық – ертеден келе жатқан, сұранысы жоғары көне мамандық. Нағыз аспаз жай ғана ас әзірлеп қоймайды, ол адамға естен кетпестей, тіл үйірерлік әсер сыйлайды. Сондықтан да "Ас – адамның арқауы" деген даналық сөз тегін айтылмаса керек.
Бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері – Гүлнар Асқарова, 1965 жылы Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының Бірлік ауылында дүние есігін ашқан. Еңбекке ерте араласқан ол, 1981 жылы мектеп қабырғасын тәмамдап, арман қанатында қалаға бет бұрады. Қалаған мамандығына қол жеткізе алмаса да, жігері жасымай, "аспаз" мамандығын таңдайды. Тағдырдың жазуымен келген бұл мамандыққа саналы ғұмырын арнайтынын ол кезде сезген де жоқ болар.
Оқуды үздік бітірген жас маман алғашқы еңбек жолын Титан-магний комбинатында бастайды. Бұл – ірі өндіріс орны, мұнда жұмысшылардың дұрыс әрі сапалы тамақтануы – аса маңызды. Гүлнар ханымның іскерлігі мен жауапкершілігінің арқасында ол көпшілікке тез танылып, ұжымның ыстық ықыласына бөленеді. Оның қолынан шыққан тағамдардың дәмі тілді балдай ерітіп, көздің жауын алатындай әсем безендірілетін. Осылайша, Гүлнар ханымды Өскемен әуежайының ғажайып мейрамханасына жұмысқа шақырады. Кәсіби біліктілігін шыңдап, тәжірибе жинақтаған аспаз отбасын құрып, Күршім ауылына қайта оралады. Туған жерінде де сүйікті ісін жалғастырып, ауылдағы орта кәсіптік техникалық училищеге жұмысқа тұрады. Алдымен аспаз болып еңбек етсе, кейін білім алушыларға тәжірибелік сабақ береді. Сонымен қатар, жергілікті танымал дәмханаларда да өз өнерін көрсетеді.
2013 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Гүлнар Асқарова «Н.Островский атындағы №4 орта мектебі» КММ-де аспаз болып қызмет етіп келеді.
«Гүлнар ханым – біздің мектептің мақтанышы. Ол өз жұмысын жанымен сүйетін, балалардың денсаулығына жауапкершілікпен қарайтын білікті маман. Оның арқасында мектеп оқушылары дұрыс әрі сапалы тамақтанады. Біз оған шексіз алғысымызды білдіреміз», – дейді мектеп директоры Қ.Т. Слямова.
Расында да, мектеп асханасында жұмыс істеу – үлкен жауапкершілік. Себебі, балалардың денсаулығына тікелей әсер ететін сапалы әрі пайдалы тағамдарды дайындау – басты міндет. Мектептегі әрбір баланың тамақтану рационы, олардың қажеттіліктері мұқият ескеріледі.
“Балалардың дұрыс тамақтануы – олардың денсаулығының кепілі ғана емес, сонымен қатар білімге деген құштарлығын арттыратын маңызды фактор. Сондықтан да әрқашан тағамдардың сапасына, құрамына, дайындалу технологиясына ерекше мән беремін. Мектеп асханасында тек қана жаңа піскен, табиғи өнімдерді пайдаланамыз. Балалардың көңілінен шығуға тырысамын, әрі тамақтың пайдалы болуын қадағалаймын”, – дейді Гүлнар Асқарова.
Сонымен қатар, Гүлнар ханым – үш ұлды өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсірген аяулы ана, немерелерінің сүйікті әжесі. Ол сүйікті жұмысынан бөлек, бос уақытында гүл өсіргенді және тоқыма тоқығанды жақсы көреді. Түрлі отбасылық мерекелерге, науқандарға тапсырыспен тоқаш, бауырсақ пісіреді.
Осындай өз ісіне берілген жандардың арқасында еліміздің ертеңі – жас ұрпақ дені сау, білімді болып өсетініне сенімдіміз. Жұмысшы мамандықтар жылында Гүлнар Асқарова секілді өз ісіне адал жандарға алғысымыз шексіз! Біз Гүлнар ханымға зор денсаулық, отбасына амандық және кәсіби шыңдарды бағындыруына тілектеспіз!
Шығыс Қазақстан облыстық кәсіподақ ұйымы
-
Фотографии
-