
«100 ЖЫЛДЫҚ: ЖАС ҰСТАЗ – ЖАҢА ДӘУІРДІҢ ТІРЕГІ»
Жыл сайын «Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі жас ұстаздардың республикалық жазғы лагерін тұрақты түрде ұйымдастырып келеді. Биылғы жиын «100 жылдық жол: жас ұстаз – жаңа дәуірдің тірегі» тақырыбымен Абай облысының аумағында орналасқан Алакөл демалыс кешенінің «Дорожник» және «Тұран» демалыс үйлерінде өткізілмек.
Жас ұстаздардың республикалық жазғы лагерінің мақсаты –педагогтардың кәсіби және тұлғалық дамуына қолайлы жағдай жасау, олардың кәсіподақ қозғалысына белсенді қатысуын қамтамасыз ету, отансүйгіштік рухын арттыру және ұлттық құндылықтарға негізделген заманауи көшбасшылар тобын қалыптастыру.
Ал міндеттеріне келсек: Жастар арасынан кәсіподақ қозғалысының белсенді көшбасшыларын анықтау және болашақ кәсіподақ резервін қалыптастыру; Әр аймақтан келген жас ұстаздардың бірлесіп жұмыс істеу дағдыларын дамыту, оларды біртұтас тұрақты командаға біріктіруге мүмкіндік жасау; Жастар саясатын дамытуда кәсіподақтың рөлін күшейтуге бағытталған бастамалар мен жобаларды талқылау және ұсыну; Педагогикалық саладағы өзекті мәселелер бойынша тәжірибе алмасу, кәсіби шеберлікті арттыру тренингтері мен семинарларын ұйымдастыру; Жас ұстаздардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуға бағытталған мотивациялық және көшбасшылық қабілеттерін жетілдіру бағдарламаларын жүзеге асыру; Ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрді дәріптеу арқылы жас буын ұстаздар арасында рухани жаңғыру идеясын насихаттау; Жас кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік және құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу; Кәсіподақ қозғалысына белсенді араласқан жас ұстаздарды ынталандыру, олардың еңбегін марапаттау және үлгі ету; Кәсіподақ қызметінің тартымдылығын арттырып, жастар арасында оң имиджін қалыптастыру; Қоғамдық, мәдени, спорттық іс-шаралар арқылы жас ұстаздардың арасында бейформал қарым-қатынас орнату және шығармашылық серіктестік орнатуға ықпал ету.
Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жас ұстаздардың алдында Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіптік одағының жауапты тұлғалары, Л.Гумилов атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің оқытушы-профессорлары дәріс оқып, бірнеше мектептің жас мұғалімдері өз тәжірибелерін ортаға салмақ.
8-12 шілде күні өтетін форумға біздің облыстан Қызылқоға ауданы Миялы балалар өнер мектебінің домбыра сыныбы мұғалімі Айхан Тұрсынғали, «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ғалым хатшысы Амангелді Жұмабаев, Жылыой ауданы №16 Д.Жазықбаев атындағы жалпы орта мектептің тарих пәні мұғалімі Гүлдана Ертүгел және Мақат ауданы О.Сарғұнанов атындағы орта мектебінің қазақ тілі пәні мұғалімі Гүлімай Есенова қатысады. Жас ғалым, магистр Амангелді Жеңісұлы Жұмабаев «Сарайшықтағы соңғы жылдардағы зерттеулер нәтижелері» атты баяндамасын тыңдаушылар назарына тартпақшы.
Сәт сапар, жас ұстаздар!
«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі, баспасөз қызметі
-
Фотографии
-