КӘСІПОДАҚ БҰҚАРАЛЫҚ АҚПАРАТ ҚҰРАЛДАРЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІН КӘСІБИ МЕРЕКЕЛЕРІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ
Журналист – қоғам айнасы, халық пен билік арасындағы алтын көпір. 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай, Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы өңір журналистерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, ерекше ілтипат көрсетті.
Облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы М. Төлепбергенов БАҚ өкілдеріне алғыс айтып, олардың қоғамдағы маңызды рөлін атап өтті. Қоғамның өзекті мәселелерін дер кезінде көтеріп, шынайы әрі сапалы ақпарат тарататын журналистерге ризашылығын білдіріп, кәсіподақ қозғалысының белсенді насихатталуына қосқан үлестері үшін «Вестник Жетісу» облыстық газетінің қоғамдық-құқықтық бөлімінің редакторы Бейбіт Мамлеевке, «Жетісу» телерадиокомпаниясы» Қазақ жаңалықтар бөлімінің редакторы Елдана Сәрсенбаеваға, Жетісу облыстық "Jetіsý" газетінің үйлестірушісі Санат Бектұрғановқа, Жетісу телерадио компаниясының журналисі Жарқын Шынтаевқа Құрмет грамотасы мен бағалы сыйлықтарын табыстады.
— Қай кезде де халықпен бірге болып, ел ішіндегі тыныс-тіршілікті қалт жібермей, әділ ақпарат жеткізетін сіздердің еңбектеріңіз – аса құрметке лайық. Кәсіподақ пен БАҚ арасындағы байланыстың мығым болуы – ортақ мақсатымызға жетудің кепілі, – деді кәсіподақ төрағасы Мэлс Құлмұханұлы өз сөзінде.
Мерекелік шара жылы жүздесуге, ашық пікір алмасуға ұласып, әріптестік байланыстарды нығайта түсті. Кәсіподақ алдағы уақытта да бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыста жұмыс істеп, маңызды мәселелерді кеңінен насихаттауды жалғастырмақ.
Жетісу облыстық кәсіподақ ұйымының баспасөз қызметі