
ЖАС КЕЛСЕ - ІСКЕ
✨Ізгілікке ұмтылған жан түптің түбінде арманына жетеді. Соның айғағы – білім саласында табысты еңбек етіп жүрген жас көшбасшылар. Солардың бірі – Қобда ауданы, Бегалы негізгі мектебінің директоры, гуманитарлық ғылымдар магистрі, педагог-зерттеуші Дауылова Жайнагүл Тұрланқызы.
📚Ұстаз – ұлағатты есім. Жас ұрпаққа білім мен тәрбие беріп, адамгершілікке баулу кез келген педагогтың қасиетті борышы. Жайнагүл Тұрланқызы осы жолда 12 жылдан аса уақыт бойы табанды еңбек етіп келеді. Білім беру мен басшылықты қатар алып жүрген жас ұстаз шәкірттерінің жүрегіне білімге деген ынта-ықыласты ұялата білді. Бүгінде оның қанат қаққан түлектері еліміздің әр саласында еңбек етіп, қоғамға өз үлесін қосып жүр. Ол 2013 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің филология факультетін үздік дипломмен аяқтап, сол жылы магистратураға мемлекеттік грант иегері ретінде қабылданады. Кейін аталған оқу орнының докторантурасында білім алып, 2024 жылы оны да сәтті аяқтады.
📄2015 жылдан бастап еңбек жолында Жайнагүл Тұрланқызы өзін жан-жақты, білімді, жаңашыл ұстаз ретінде танытты. Ол тек пән мұғалімі ғана емес, өз ұжымын алға жетелейтін көшбасшы ретінде де танылды. Білім сапасын арттыру, ата-аналармен тығыз байланыс орнату, материалдық-техникалық базаны жақсарту және ұжым мүшелерінің кәсіби біліктілігін арттыру сынды бағыттарда жүйелі жұмыстар атқарып келеді.
🧩Жайнагүл Тұрланқызы – жауапкершілігі жоғары, ұйымдастырушылық қабілеті мықты, жаңалыққа құштар маман. «Жүйелі жоспар, нәтижелі сабақ, шығармашыл – ізденімпаз ұстаз» қағидасын басшылыққа ала отырып, білім мен тәрбие берудің сапасын арттыруда тың тәсілдер енгізуде. Ол мектепте шығармашылыққа бейім, ғылыми ізденіске қабілетті, өзін-өзі дамытуға ұмтылатын тұлғаны қалыптастыруға зор үлес қосып жүр.
📜Ізденімпаз басшының еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол бірнеше мәрте республикалық, облыстық, аудандық деңгейдегі Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен марапатталған.
📂Бүгінде Жайнагүл Тұрланқызы – ұстаздық жолдан өтіп, жаңа формациядағы мектеп басшысы дәрежесіне көтерілген, әріптестері мен ата-аналардың зор құрметіне ие беделді тұлға. Сабырлы, парасатты, мінезге бай басшы ел болашағы үшін аянбай тер төгіп келеді. Оның басты жетістігі – биік лауазым емес, шәкірттердің сеніміне, ұжымның құрметіне ие болуы. Демек, Жайнагүл Тұрланқызының келешекте де қоғамға берері мол, үлгі боларлық тұлға екені сөзсіз…
Ақтөбе облыстық кәсіподақ ұйымы
-
Фотографии
-