
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ КӘСІПОДАҚТАР ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ XXVII СЪЕЗІНІҢ ДЕЛЕГАТЫ
Байбулатов Самат Сергеевич – аудандық мектептен тыс жұмыс орталығының директоры, тәжірибелі педагог, ұйымдастырушы және білім беру саласындағы әдістемелік жұмыстың білікті маманы.
Еңбек жолын 2016 жылы Шыңғырлау жалпы орта білім беретін мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде бастап, содан бері білім беру жүйесінде түрлі деңгейдегі жауапты қызметтерді атқарып келеді.
2018–2019 жылдары аудандық білім беру бөлімінде тәрбие жұмысы бағытының әдіскері, 2019–2020 жылдары қазақ тілі пәнінің әдіскері, 2020–2021 жылдары инновациялық-эксперименталдық бағыттағы әдіскер ретінде қызмет етіп, заманауи білім беру жүйесін дамытуға белсене атсалысты.
2021–2023 жылдары аудандық мектептен тыс жұмыс орталығы директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарып, қосымша білім беру сапасын арттыруда нақты нәтижелерге қол жеткізді. 2023–2024 оқу жылында Шыңғырлау жалпы білім беретін мектебінде педагог-кәсіби бағдар беруші ретінде оқушылардың мамандық таңдауына, тұлғалық дамуына үлес қосты. 2024–2025 оқу жылында Л.Қылышев атындағы ЖОББМ-де қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметін атқарды. 2025 жылдың мамыр айынан бастап аудандық мектептен тыс жұмыс орталығының директоры болып тағайындалды.
Самат Сергеевич – өз ісіне адал, кәсіби шеберлігі жоғары маман. Ол – білім беру мен тәрбиелеу үдерісін жаңғыртуға бағытталған тың идеяларды тәжірибеге енгізуге дайын көшбасшы. Әріптестері мен ата-аналар арасында зор беделге ие. Жас мамандарға тұрақты түрде қолдау көрсетіп, өзінің тәжірибесімен бөлісіп отырады. Ол кәсіподақ ұйымының белсенді мүшесі ретінде қоғамдық жұмыстарға үнемі атсалысып келеді. Самат Сергеевич педагогтердің еңбек құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін қорғау, қолайлы еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және кәсіби дамуына жағдай жасау мәселелерін үнемі көтеріп отырады. Кәсіподақ өткізетін форумдар, семинарлар мен қоғамдық іс-шараларға тұрақты қатысады. Өз қызметінде ұжымшылдықты, әділеттілікті және өзара қолдауды басты қағидаттар ретінде ұстанады. Ол үшін кәсіподақ қозғалысы – білім беру саласы қызметкерлерінің мүддесін қорғаудың маңызды тетігі деп саналады.