
ЖАС ДАРЫНДАРДЫ ТӘРБИЕЛЕГЕН ШЕБЕР ҰСТАЗ
⚜️Жуырда Солтүстік Македонияның Струга қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы математикадан Балқан олимпиадасында (JBMO) еліміздің жас дарындары халықаралық деңгейде білімдерін сынап, лайықты нәтижелер көрсетті. Бұл байрақты бәсекеде Ақтөбе облыстық мамандандырылған “Білім-инновация” лицей-интернатының 9-сынып оқушысы Мәлік Нұртай күміс медаль иеленіп, Қазақстанның абыройын асқақтатты. Осы жетістікке жетуіне бағыт-бағдар беріп, табанды еңбек еткен жетекшісі — Сәбитов Аян Баянбекұлы.
🧠 Аян Баянбекұлы — математика пәнінің үздік маманы, қазіргі таңда Ақтөбе облыстық мамандандырылған “Білім-инновация” лицей-интернаты директорының орынбасары, әрі математика пәні мұғалімі. Математика магистрі, жоғары кәсіби санаты — педагог-шебер. Ұстаздық жолында 21 жыл еңбек еткен тәжірибелі маман талай шәкіртке бағыт-бағдар беріп, биік белестерді бағындыруға жол ашты.
📊 2012–2025 жылдар аралығында Аян Баянбекұлының жетекшілігімен 36 оқушы республикалық олимпиадалардың жеңімпазы атанған. Бұл — жемісті еңбектің нәтижесі. Атап айтсақ, 2023 жылы Албанияның Тирана қаласында өткен JBMO олимпиадасында шәкірттері Мырзабек Серік пен Кеңшілік Ерқанат күміс медаль иеленсе, 2024–2025 оқу жылындағы республикалық пәндік олимпиадада Мырзабек Серік, Кеңшілік Ерқанат және Мәлік Нұртай алтын, Ернар Арнат пен Жақсылық Шерхан қола медаль иеленіп, зор жетістікке жетті.
📚 Аян Сәбитов — жай ғана білім беріп қана қоймай, әр шәкірттің қабілетін танып, оны жүйелі дамыту арқылы биікке жетелейтін шын мәніндегі өз ісінің шебері. Оның шәкірттері бүгінде ел намысын халықаралық деңгейде қорғап жүргені — ұстаз еңбегінің жарқын жемісі.
📚Жас ұрпаққа сапалы білім беріп, оларды ғылым жолына бағыттап келе жатқан Сәбитов Аян Баянбекұлындай ұстаздар еліміздің интеллектуалдық болашағының тірегі.
Ақтөбе облыстық кәсіподақ ұйымы
-
Фотографии
-