
ШОМБИНДЕР ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ӘУЛЕТІ
Ұстаз болу – ұлттың болашағына қызмет ету деген сөз. Өміршең мамандықтың тізгінін берік ұстап, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу жолында аянбай тер төгіп келе жатқан, Шомбиндер әулеті – білім мен тәрбиенің алтын діңгегін қалаған абзал жандар. Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының мақтанышына айналған «Мерейлі отбасы», облысқа аты шыққан «Парасатты отбасы» сайыстарының жүлдегерлері, «Зияткер отбасы» мадақтамасының иегерлері – бұл әулеттің білімге деген құштарлығының, өнерге деген сүйіспеншілігінің айқын дәлелі.
СМАҒЗАМ ШОМБИН – қараңғылықты білімнің жарығымен сейілтуге ұмтылған, ағартушылық жолды таңдаған тұлға. 1897 жылы қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген Смағзам алғашқы сауатын ескіше ашып, хат таниды. 16-20 жылдары Терісайрық ауылындағы «Прәмилә» бөлімшесінде қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы, ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтан тәлім алады. Ұлы ұстаздың шапағатымен сусындап, білімін шыңдай түседі. 1920 жылдан бастап Терісайрықта алғашқы бастауыш мектептің іргетасын қалап, балалардың көзін ашуға атсалысады. Абай атындағы орта мектепте алғашқы ұстаздардың бірі болып, 1942 жылға дейін шәкірттерге білім нәрін сеуіп, кейін Калинин атындағы мектепте он жылға жуық директорлық қызмет атқарады. 1951 жылдан бастап Сталин, кейін Ленин атындағы мектептерде ұстаздық қызметін жалғастырады. 1965 жылы құрметті еңбек демалысына шығады.
Ұстаздың ерен еңбегі ескерусіз қалмай, «1941-45 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы қажырлы еңбегі үшін» медалімен, 1953 жылы Совет үкіметінің ең жоғары марапаты – Ленин орденімен марапатталады. 1954 жылы «Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі» атағына ие болады. Смағзам ағай – Тарбағатай өңіріндегі тұңғыш Ленин орденін иеленген ұстаз. Оның шәкірттері арасында алғашқы тарбағатайлық ғалымдар, профессорлар Сақасын Кенжебаев, Иманмәлік Нұғыманов, Жұмақан Жатқанбаев, Қанипа Бітібаева бар. Ұстаздың есімін ұлықтау мақсатында 2018 жылы Абай орта мектебінің 90 жылдық мерейтойында Шомбин Смағзам атындағы бастауыш сынып кабинеті ашылды.
УАЛБЕК СМАҒЗАМҰЛЫ ШОМБИН (әулеттің екінші буыны, ұлы) – әке жолын жалғастырған білімдар ұстаз. 1957 жылы 26 қазанда Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Жетіарал ауылында дүниеге келген. 1979 жылы Ақсуат орта мектебінде математика пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастайды. 1980 жылы Шолақорда мектебінде оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарады. 1981 жылы Ақжар СПТУ-29-да математика пәнінің мұғалімі және оқу ісінің меңгерушісі болып жұмыс істейді. 1983 жылы Ақжар сегіз жылдық мектебінде педагог, 1985 жылы Ушинский атындағы орта мектепте математика, информатика пәндерінің ұстазы болады. 1989 жылы Абай орта мектебінде математика пәнінен сабақ береді, 1994 жылы оқу ісінің меңгерушісі болып тағайындалады. 1995 жылы ауданда алғаш ашылған Қ.Билялов атындағы гимназияның тұңғыш директоры қызметін атқарады. 1998 жылдан бастап информатика пәнінің ұстазы болып жұмыс істейді.
Уалбек Смағзамұлы – Ақжар аймағының тұрғындарына, оқушылар мен мұғалімдерге компьютерлік сауаттылықты үйреткен абзал жан. Бірнеше аудандық, облыстық, республикалық марапаттарға ие болған. 2001 жылы «Аудандық жыл мұғалімі» конкурсының бас жүлдесін жеңіп алады. 2019 жылы «Тарбағатай ауданының экономикасына үлес қосқаны үшін» төсбелгісімен марапатталады. Ағарту саласында 40 жыл еңбек еткен Уалбек Смағзамұлы қазіргі таңда зейнеткерлік демалыста, Тарбағатай ауданының еңбек ардагері.
ҚҰСАИНОВА АЛМАГҮЛ ШҮРЕНҚЫЗЫ (әулеттің екінші буыны, келіні) – балалардың жүрегіне жол тапқан мейірімді жан. 1961 жылы 23 қазанда Тарбағатай ауданы, Андреевка ауылында дүниеге келген. 1981 жылы Өскемен педагогикалық училищесін «бастауыш сыныбының мұғалімі» мамандығы бойынша, 1992 жылы Талдықорған педагогикалық институтының «арнаулы оқу орынбарының оқытушысы», педагог-психолог мамандығын бітірген. 1981-1983 жылдары Ақжар ауылындағы «Балауса-Балғын» балабақшасында тәрбиеші қызметін атқарады. 1983-2022 жылдары осы балабақшаның директоры қызметін абыроймен атқарады.
Алмагүл Шүренқызы – осы мекемеде 41 жыл үздіксіз қызмет етіп, тамырын тереңге жайған бәйтеректей балабақшаның көшін алға сүйреген абзал басшы. 1981 жылдан бері Ақжар ауылдық округінің әйелдер кеңесінің төрағасы, аудандық әйелдер қоғамдық ұйымының орынбасары қызметтерін қоса атқарды. «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталған. Бүгінгі таңда 3 қыз, 1 ұл тәрбиелеп өсіріп, 11 немере сүйіп отырған көпбалалы ана, құрметті зейнеткер.
АРАЙЛЫМ УАЛБЕКҚЫЗЫ ШОМБИНА (әулеттің үшінші буыны, немересі) – білімді, ізденімпаз педагог-зерттеуші. «Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін» қызыл дипломмен бітіріп, алғашқы ұстаздық жолын 2006 жылы Астана қаласы №52 мектеп-гимназиясында ағылшын тілі пәнінің мұғалімі ретінде бастады. Сол кездері «Үздік жас маман» сайысының жеңімпазы болып танылды. Астана қалалық педагогикалық конкурстың «Шығармашыл ұстаз» номинациясының иегері атанды.
2011 жылдан бері Тарбағатай ауданы «Қ.Билялов атындағы мектеп-лицейінде» ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарып келеді. Тарбағатай аудандық «Тіл-дарын» және «Үздік ағылшын тілі пәнінің мұғалімі» сайыстарының бас жүлде иегері. Оқушылары Айкенов Ернұр, Рахымбаев Шыңғыс, Яшарова Шұғыла, Жиашева Ақбота, Сәлімбекова Айым, Жетпісова Мадина ғылыми жобалар сайысының облыстық кезеңінің жүлдегерлері атанса, шәкірттері Байезов Әділет, Тоқтарбек Салауат, Мухаметбекова Таңшолпан, Бақытбек Шыңғыс республикалық кезеңінде топ жарды. Қазіргі таңда Арайлым Уалбекқызы педагогикалық әулеттің сара жолын жалғастырып келе жатқан 18 жылдық еңбек өтілі бар білікті ұстаз. Шекара қызметінде жүрген жары екеуі үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған көпбалалы ата-ана.
ШЫРАЙЛЫМ УАЛБЕКҚЫЗЫ ШОМБИНА (әулеттің үшінші буыны, немере) – білім шыңына ұмтылған жалынды жас. Қ.Билялов атындағы білім ордасын «Алтын белгімен» тәмамдап, «С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік Университетінің» «шетел тілдері мұғалімі» мамандығы бойынша грант иегері атанды. Қазіргі таңда магистр дәрежесі бойынша Астана қаласында білімін жалғастырып, түрік шетел компаниясында оқытушы болып қызмет етуде.
Шомбиндер әулеті – білім беру саласында өзіндік қолтаңбасы бар, бірнеше ұрпақ бойы үздіксіз еңбек етіп келе жатқан, тарихы терең әулет. Олардың әрқайсысының өз жолы, өз жетістіктері бар, бірақ бәрін біріктіретін ортақ нәрсе – балаларға деген шексіз сүйіспеншілік және олардың дамуына қосқан өлшеусіз үлесі.
Шығыс Қазақстан облысы жергілікті кәсіподағы
-
Фотографии
-