
ТӘЖІРИБЕЛІ ҰСТАЗ
Өз мамандығын жүрек қалауымен таңдап, оның қиындықтарына мойымай, шалғай ауыл мектебінде табанды еңбек етіп жүрген жандардың бірі – Ойыл ауданындағы Көсембай негізгі мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Аққошқаров Ерсайын Құрылысұлы.
Ерсайын Аққошқаров 1964 жылы Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Ақжар ауылында дүниеге келген. 1984 жылы Ақтөбе педагогикалық училищесін тәмамдаған соң, ауыл мектебінде үздіксіз еңбек етіп келеді. 40 жылға жуық педагогикалық тәжірибесі бар ұстаз жас ұрпақты тәрбиелеуге бүкіл өмірін арнаған.
Ерсайын Құрылысұлы әдістемелік жұмысқа да белсенді араласып, 5 әдістемелік құрал мен 7 электронды орта дайындап, облыс және республика көлемінде тәжірибе таратты. 2024 жылы «4-сыныптың қазақ тілі сабақтарын геймификация әдісімен оқыту» тақырыбындағы авторлық жұмысы республикалық байқауда І дәрежелі дипломға ие болды.
Ұстаз еңбегі лайықты бағаланып, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамоталары және Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар, «Ақтөбе облысының құрметті ұстазы», «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, «Ойыл ауданының жыл адамы» сынды марапаттарға ие болды.
Оның шәкірттері облыстық, республикалық, халықаралық зияткерлік сайыстарда жүлделі орындарға ие болып жүр. Сабақтарында заманауи және интерактивті әдістерді тиімді қолданып, оқушылармен тығыз байланыс орнатады. Цифрлық платформаларды меңгеріп, білім беру үдерісін заманауи деңгейге көтеріп жүр.
2023–2025 жылдары облыстық және республикалық деңгейдегі шеберлік сағаттар өткізіп, өз тәжірибесін әріптестерімен бөлісті. Атап айтқанда, авторлық бағдарлама жазу, цифрлық тапсырмалар дайындау, пәнге қызығушылықты арттыру жолдары, жасанды интеллектті қолдану тақырыптарында шеберлік сыныптар ұйымдастырды.
Аққошқаров Ерсайын Құрылысұлы – білімі мен білігі үйлескен, қажырлы еңбегімен өзгелерге үлгі бола білген шынайы еңбек адамы.