
ӘЙТЕКЕ БИ ҰСТАЗДАРЫ ТАРИХИ ОРЫНДАР МЕН ШИПАЖАЙЛАРДА БОЛДЫ
Жаз – демалыс, сауығу және рухани серпіліс мезгілі. Осыны ескерген Ақтөбенің Әйтеке би аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымы өз мүшелерінің жазғы демалысын мазмұнды әрі пайдалы өткізуіне жан-жақты қолдау көрсетті. Ұйымдастыру нәтижесінде ауданнан 120-ға жуық кәсіподақ мүшесі еліміздің тарихи әрі шипалы өңірлеріне сапарлап, жағымды әсерлермен оралды.
Білім қызметкерлерінің бір тобы еліміздің рухани орталығы саналатын Түркістан қаласына және табиғаты көз тартар Бурабай өңіріне тарихи-танымдық саяхатқа барды. Түркістанда олар Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Ұлы дала елі орталығы, жаңа әкімшілік нысандар мен тарихи-мәдени кешендермен танысып, рухани дүниесін байытты. Ал Бурабайда табиғатпен үндестік тауып, демалыс пен тынығудың ерекше үлгісін сезінді. Мұндай сапарлар ұстаздар қауымына тек демалып қайтуға ғана емес, ұлттық тарихқа терең бойлап, жас ұрпаққа жеткізер білім қорын байытуға да мүмкіндік берді.
Кәсіподақ мүшелерінің екінші бір бөлігі Ақтөбе, Сарыағаш және Тараз өңірлеріндегі танымал шипажайларда болып, емдік-сауықтыру шараларынан өтті. Бұл демалыс түрі педагогтардың денсаулығын нығайтуға, жұмысқа тың серпінмен оралуына оң ықпал етті. Судың, ауаның, табиғи ресурстардың емдік қасиеттері ұстаздар үшін ерекше демалыс пен саулық сыйлады.
Сонымен қатар, кәсіподақ тарапынан ұстаздарға спортпен шұғылдануға, салауатты өмір салтын ұстануға жағдай жасалып, облыс орталығындағы фитнес клубтарға бару мүмкіндігі ұсынылды. Бұл бастама мұғалімдердің физикалық белсенділігін арттырып, күнделікті күйбең тіршіліктен арылып, өзін-өзі дамытуға бағытталған.
Кәсіподақ ұйымының мұндай жүйелі жұмысы – білім саласы қызметкерлеріне жасалған нақты қамқорлық пен қолдаудың көрінісі. Жыл бойы қажырлы еңбек етіп, жас ұрпақ тәрбиесімен айналысатын ұстаздар үшін мұндай демалыс түрлері үлкен маңызға ие.
Кәсіподақ мүшелері өз ризашылықтарын білдіре отырып, бұл бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табады деген сенімде. Жазғы демалысты мазмұнды өткізген педагогтар білім беру сапасын арттыру жолында аянбай еңбек ете бермек...
-
Фотографии
-