
МӘРТӨК ҰСТАЗДАРЫНА АРНАЛҒАН ДЕМАЛЫС
Ақтөбе облысының Мәртөк аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының қолдауымен биылғы жазғы демалыс маусымы ерекше мазмұнда өтті. Кәсіподақ мүшелерінің бос уақытын тиімді пайдалану, денсаулығын жақсарту және рухани жаңғыру мақсатында бірқатар шаралар жүзеге асырылды.
Кәсіподақтың ұйымдастыруымен аталған ауданнның бірқатар ұстаздары мен білім мекемелерінің қызметкерлері еліміздің белгілі шипажайларында демалуда. Атап айтқанда, өңіріміздегі “Шипагер”, Қостанай өңіріндегі экологиялық таза аумақта орналасқан “Сосновый бор”, Жамбыл облысындағы емдік қасиетімен танымал “Мерке”, сондай-ақ Сарыағаш өңіріндегі “Айсары” шипажайларына кәсіподақ мүшелері барып, денсаулықтарын түзеуге мүмкіндік алды.
Сонымен қатар, кәсіподақ мүшелерінің келесі бір легі Оңтүстік Қазақстан аймағына тарихи-танымдық саяхатқа барды. Бұл сапар аясында қатысушылар Түркістан, Шымкент, Отырар және басқа да көне шаһарлар мен киелі жерлерді аралап, тарихи мұралармен танысты. Мұндай танымдық бағыттағы іс-шаралар ұстаздар қауымының рухани баюына, ел тарихына деген қызығушылығын арттыруға септігін тигізді.
Мәртөк аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымы алдағы уақытта да өз мүшелерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту, денсаулығын нығайту және бос уақытын тиімді өткізу бағытындағы жұмыстарды жалғастыра бермек.
-
Фотографии
-